БАС МҮФТИ ИМАМДАР ФОРУМЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласында өтіп жатқан «Имам – ізгі қоғам жаршысы» V республикалық имамдар форумында баяндама жасады.

«Бүгінгі бесінші имамдар форумында «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі», «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжаттарын қабылдауды ұсынып отырмыз. Әр имам әр өңірде рухани жетекші болғандықтан, жамағат оған ұйып, құлшылық жасайды. «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» құжатын қабылдаудағы мақсат – мешіттерде көпшілікпен намаз оқу тәртібін бірізділікке түсіру, жамағат арасында түсініспеушіліктерге жол бермеу, сонымен қатар ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі ханафи мәзһабын дәріптеу.

Аллаға шүкір, бүгінде мүфтият діни ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын рухани ордаға айналды. Біз ұлттық болмысымыз бен мұсылмандық келбетімізді сақтап қалу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани, яғни діни және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін арттыруға басымдық беріп отырмыз.

Қажылыққа барып жатқан отандастарымыздың қатары саны жыл санап артып келеді. Біз қажыны құрметтеп, төрімізге шығарған халықпыз. Оның батасын алуға тырысамыз. Бұл ретте қажыларымыз да рухани тұлғасымен, көркем мінезімен, әдебімен айналасына үлгі-өнеге болуы тиіс. Қажы болу өмір бойы үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгін қабылданатын «Қажының рухани келбеті» құжаты қажыларымыздың рухани жауапкершілігін арттыруды көздейді» деп атап өтті Бас мүфти.

Айта кетейік, форумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ғұламалар, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысуда.