Ұран далам және ізгі қоғам

Жалпақтал мешіті діни қызметкерлерінің жітілі ұйымдастыруымен, ұлы бабалар үндестігіне танымды саналары қалыптасқан ауыл жастары үшін тағылымдық мәні ересен жас-жұбайлар тойын өткізудің дәстүрлі ұлттық мәдениетін айқындауға арналған «Асаба болу – өз ісің, әдептен озбау – борышың» тақырыбындағы асабалар жиыны өтті.
Міне, өскелең ұрпақты жақсыға үйретіп, жаманнан жирентіп, планетарлық дана да, дара ойшылымыз Абай айтқандай, болмыстарына «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» дарытып, «толық адам» тәрбиелеуді балабақшадағы тәлімгерлер мен мектептегі ұстаздардан бастап, зиялы қауым өкілдері бұлжымас қағида тұтуы қажет. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің ең сара жолы – атадан мирас болып қалған салт-дәстүр екендігіне анық көз жеткізді. Әсілі, бабалар жолы – адастырмас темірқазық екендігін дәлелдеп, отанын шексіз сүю, қатпарлы тарихын танып, салт-дәстүрін құрметтеуді зерделеп жеткізудің маңыздылығын ерен ескеріп, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастырылған қастерлі аманатқа қиянат жасаудан аса сақ болғанымыз жөн. Демек, бейәдеп ойындар мен арзан әзіл-қалжыңға ымырасыздықпен шектеу қойып, өзіміздің қазақы ұлттық ойындарымыз асық атудан бастап, аңыз батырларымыз Қобыланды, Алпамыс, Ертөстік жырлары тойда ғана емес, «қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп әрбір шаңырақтың түндігінен әуезді сазбен күмбірлеп тұрса қандай жарасымды болар еді. Міне, үйлену тойларында екі жастың отбасы негізін құрудағы жауапкершілігін сезіндіруге тағылымды тәлімнің көзі – ұлттық әдеп-ғұрпымызда екендігін негізге алсақ, ұтарымыз көп. Сондықтан ұлтымыз әрқашан өзінің кім екендігін ұмытпауы лазым!
Шындап келгенде, қазақтың тойы әдет-ғұрыптың, салт-сананың салтанат құратын, тәрбие алатын ортасы болуы керек емес пе?! Осыған орай той өткізудің мәдениетін ұлттық озық салт-дәстүріміздің аясында, жастарға тәрбиелік мәні бар етіп өткізудің жолын қарастырғанымыз абзал. Той салтанаты жарасымды салт-дәстүріміздің аясында өтуі үшін ұшқыр ойы, жүйрік сөзі, ұлттық намысы бар асба болуы керек – деді, Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы, теология ғылымының магистірі Тілек қажы Ахмеджанұлы.

ЖАМБЫЛ ЖҰМАРЫСТАНҰЛЫ,
ЖАЛПАҚТАЛ МЕШІТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ