Ислам дінінің бес парызының бірі қажылық – діни ғибадат, ең алдымен құлшылық, ол діни туризм емес. Осы ретте Сауд Арабия Корольдігі Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет екенін ескере отырып, Исламдағы қажылық парызын шариғи тұрғыдан ұйымдастыруға, жүзеге асыруға Республикалық ислами діни бірлестік саналатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын айқындаған.
Қажылық жасаушыға да қойылатын ең басты талап: қажылық құлшылығын ешқандай туристік сапармен шатастырмай, әр қажы ғибадат ретінде қажылықтың шариғи талаптарын орындауы тиіс.
Өз кезегінде ҚМДБ қажылықты ұйымдастырудың техникалық жауапкершілігін белгілі заң талаптары негізінде қазақстандық туроператорларға сеніп тапсырады. Себебі Қазақстан Республикасы азаматтарының түрлі мақсатта сыртқа шығуы туризм саласындағы заңнамалармен реттеледі және олардың құқықтарын қорғау туроператорларға жүктеледі. Осы мақсатта ҚМДБ қажылық орындарын конкурс негізінде туроператорларға бөліп береді.
Қажылық маусымында туроператор ҚР азаматтарын сыртқа шығу туризмі саласындағы құқықтары негізінде САК жеріне ҚМДБ бөлген қажылық орындары бойынша ғана азаматтарды алып бара алады. Қажылық орындарынан тыс адам апару екі ел арасындағы қажылық келісімшартын бұзған болып саналады.
2023 жылы ашық конкурс негізінде 18 туроператорға қажылық орындары берілген болатын. Бұл 4000 қажылық орыны тек Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана тиесілі.
Бүгінгі таңда «Қажылық-2023» маусымын ұйымдастыру шаралары қызу жүргізілуде. Алайда қажылық орындарын алған 18 туроператор биылғы қажылық маусымына кедергі келтіретін кейбір турфирмалардың заңсыз әрекетін халыққа жан-жақты жеткізу қажеттігін сұрады.
Биылғы қажылықты ұйымдастыру барысында заңсыз әрекетке барып, қажылық орындарынан бөлек яғни 4000 адамнан тыс адам жиналатын болса, екі ел арасындағы келісімшарт талаптары бұзылып қана қоймай, туроператор жұмыстарына де кері әсерін тигізетіндігін айтуда. Атап айтқанда, ресми конкурстық негізде қажылық орындарын алмаған бірнеше турфирма әлеуметтік желілерде қажылыққа апару қызметін көрсететіні туралы жарнама жасап, түрлі әдіс қолданып қажылыққа адам жинау үстінде екендігін айтып дабыл қағуда.
Жоғарыда аталған мәселелерді ескере келе, ҚМДБ биыл қажылыққа ниет еткен барша азаматтарымыздың алданып қалуына алаңдайды. Жақында ұмра құлшылығы айналасында қоғамдық серпіліс туғызған БАҚ-та жарияланған белгілі даулы мәселеге ұқсас, азаматтардың қажылық құлшылығы төңірегінде заңсыз әрекеттерге алданбауға және қажылық орындарын алмаған турфирмаларға жазылмауға шақырады.
Қосымшада көрсетілген 18 туроператордан бөлек турфирмаларға қажылыққа бару мақсатында ақша өткізген азаматтар қаражатын қайтарып алуына болатындығын немесе қайтарылмаған жағдайда құзырлы орындарға шағымдануға болатындығын жеткіземіз.
ҚМДБ Қажылық бөлімі