Жергілікті уақытпен сағат 7.30-да оқылған намазға жиналғандар санында шек болмады.
Бір ғана «Ар-Рахман» мешітіне Айт намазына жиналған жамағаттың арасында ине шаншар орын болмады.
Ораза айт намазына Батыс Қазақстан облысының әкімінің Ержан Талғатұлы айт мерекесімен құттықтап, жамағатпен бірге сапқа тұрды.
Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат қажы Қанатқалиұлы жиналған қауымды айт мерекесімен құттықтап, ҚМДБ Төрағасы Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы құттықтау сәлемін жеткізді.
Облыс бас имамы Дінбасымыз Наурызбай қажы Тағанұлының атынан ақдастархан жайылып, келген қонақтар арасында ақсақалдар мен атымтай жомарт жандар қатысты. Биылғы жылы Ораза ұстаушылардың қатарында жастардың көп болғандығын, еліміздің басты байлығы – халықтар арасындағы достық пен ауызбірлік, мызғымас татулық, өзара түсіністік екендігін тілге тиек етті.
Айт намазынан кейін Құран бағыштап, барлық ағайындардың отбасына молшылық, ырыс-береке, шадыман-шаттық тіледі.
Намазға келген жамағаттарға көжелер мен бауырсақтар тегін таратылып, жұрт мерекелік көңіл күймен айт намазын атқарды.
Ораза айт құтты болсын!
Ораза Айт бүгін жұма намазынан кейін мерекелік шаралармен жалғасатын болады.
Ар-Рахман мешітінің баспасөз қызметі