«БӨЛІМ САҒАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖИЫНЫ ӨТТІ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Бөлім сағаты» жобасы бойынша кезекті Аппарат жиналысы өтті.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы мен «Munara TV» телеарнасының директоры Еркін Шәкірұлы осыған дейін атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Сонымен қатар алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар жайлы баяндады.

«Діни басқарманың ақпарат саласы, ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшалары, төл телеарнасының жұмысы әрдайым басты назарда. Ізгі қоғам құру жолында ата-бабамыздан бастап ұстанып келе жатқан хақ дініміз Исламды насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды тиянақты орындау қажет» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жиында ҚМДБ меңгерушілері бөлім мен телеарна жұмысын жетілдіру бойынша өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, бүгінде Ақпарат бөліміне қарасты Діни басқарманың ресми сайты және өкілдіктерге қарасты 20 сайт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ «Munara TV» арнасы дін мен дәстүр, ізгі қоғам тақырыптары аясында көптеген телеөнімдерді көрермен назарына ұсынуда.