Облыстық «Ақ бата-асыл мұра» сайысы өтті

ОБЛЫСТЫҚ «АҚ БАТА – АСЫЛ МҰРА» САЙЫСЫ ӨТТІ
Бата – халық қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп қазақ халқы бекер айтылмаған. Қария бар үйдің шырағы еш сөнбейді. Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз ол – бата деп айтсақ еш қателеспейміз. Бата – ол дұға. Бата – жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің айғағы.

Осынау дәстүрді жаңғырту мақсатында Орал орталық мешітінде «Ақ бата – асыл мұраты» атты облыстық бата беру сайысы өтті. Барлығы алты ақсақал қатысып, бата берудің үлгісін көрсетті.

Қазылар алқасында ҚМДБ-ның БҚО бойынша Бас имамы Самат Әлібаев, Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы Қажымұқан болды.
Сайысты жүргізген Орал орталық мешітінің ұстазы Бағдат Шақаев керемет етіп өткізді.

Қазылардың шешімі бойынша бірінші орынды Бәйтерек ауданы, Дариян ауылдық мешітінің атынан Баянғали Абдрахманов иеленсе, екінші орында Дариян ауылдық мешітінің атынан келген Әуелбек Ержанұлы алды. Үшінші орын Орал қаласынан Наурызғали Өтешұлына бұйырды.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді
Сайысқа қатысқан Тәжіден Батырұлы атындағы мешітінің атынан Жалғасбай Жүсіпқалиұлы мен Абай Әлиұлы және Мақсот Жақыпұлына сый-сыяпаттар табысталды.

Бірінен-бірі асып түсіп, алақан жая бата берген ақсақалдардың ішінен үздігін анықтауда Баянғали Абдрахмановқа бұйырды.

Бас имам Самат Қанатқалиұлы қарияларға алғысын жаудырып, ұзақ ғұмыр тіледі.

Орал орталық мешітінің баспасөз қызметі