Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының басшысы Мақсатбек Қайырғалиұлы «Арал ауданы мүгедектер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің оңалту орталығына арнайы барды.
Қор басшысы орталық жұмысымен танысып, мамандармен және ем алушы балалармен сұқбаттасты. Кездесуде қасиетті Рамазан айымен құттықтап, «бизиборд» дамыту тақтасын сыйлады. Алдағы уақытта да үлкен өлшемдегі дамыту тақталарын арнайы тапсырыспен жасатып беретінін жеткізді. Бүгінде Арал қаласында орналасқан күндізгі жартылай стационар бөлімінде 30 бала ем алуда.
Бұдан кейін Мақсатбек Қайырғалиұлы Арал аудандық оқушылар үйінде өткен кездесуге қатысты. Бүгінгі таңда «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен бастау алған «Bilim land» жобасы аясында аралдық оқушылар ағылшын тілін тегін меңгеруде.
«Қазақта «бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөз бар. Аталмыш жобаның басты мақсаты да – әлеуметтік жағдайы аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан білімге құштар балаларға қолдау білдіріп, ынталандыру» қор директоры Мақсатбек Қайырғалиұлы. Айта кетейік, өткен жылдың қараша айында басталған тіл үйрену курсына қатысатын 10 баланың оқу ақысын төлеуге қор демеушілік етуде. Курс аптасына үш мәрте бір сағаттан өтеді.
Сондай-ақ қор басшысы Аралда 6500 түп сексеуіл ағашының көшетін отырғызу шарасына қатысты. Бұған дейін «Зекет және қайырымдылық» қоры мен «Барсакелмес» мемлекеттік қорығы арасында арнайы келісім жасалғанын хабарлаған едік. Осы келісім аясында өткен жылдың қазан айында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Арал ауданы әкімдігіне 100 түп туя ағашының сертификатын табыстап, нәтижесінде «өмір ағашының» көшеті отырғызылды. Табиғатты қорғау мақсатында бастау алған «Аялы ағаш – саялы» жобасы әлі де жалғаса береді.