Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, исламтану ғылымы бойынша PhD, доцент Қайрат Құрманбайұлы «Иманғали» мешіті жанындағы «Azan» радиосында студия қонағы болып, сұхбат берді.
Сұхбат барысында ғалым Қайрат Құрманбайұлы білім, ғылымды игеру арқылы даму жолына түсудің мүмкіндіктері туралы айтып өтті.
«Ислам – ғылым мен тағылым діні. Кезінде Еуропаға ғылымды мұсылман ғалымдарының апарғанын ұмытпауымыз керек. Тағылым сөзі – ыждағаттылық ұйғарымының нышаны болса керек. Исі мұсылман жанға тағылым алу әрқашан бастапқы орындағы, белгілі бір деңгеймен шектелмейтін екі дүние есігінің кілті, һәм асыл қазынасы.
Білім іздену, тағылым, ыждағаттылық ұғымдары – ислам дінінің өрісінде жатқаны сөзсіз. Ғылым сөзінің астарында барлық салалар қамтылады. Оларға: жаратылыстану, медицина, философия, дінтану және филология сынды салаларды жатқызуға болады. Міне, сондықтан да асыл дініміздің талабы – тағылым болмақ» деген Қайрат Құрманбайұлы мұсылман елдерінің алдында ғылым мен технология мүмкіндіктерін пайдалану міндеті тұрғанын айтты.