Жоқ қасиетіңді айтып мақтаса…

Уаһб бин Мунаббих һижраның отыз төртінші жылы халифа Осман бин Аффан заманында туды. 114 жылы дүние салды. Тарих ғалымдары оны табиғиндердің үшінші сатысына жатады деп жазды. Ол бірқатар сахабалардан, атап айтқанда Абдулла бин Аббас, Әбу Һурайра, Әбу Сағид Худри, Нұғман бин Башир, Жабир бин Абдулла сынды сахабалардан тәлім алды. Уаһб бин Мұнаббихтың басқа табиғин ғалымдардан ерекшелігі исраилат ілімінің де білгірі еді. Басқаша сөзбен айтқанда бұрынғы кітап иелерінің ілімін де зерттейтін. Тауратты терең білген табиғин. Білімге айрықша ден қойғаны сияқты құлшылықта да аса ықыласты болды. Йемендік Таус пен Уаһбтың қырық жыл құптан дәретімен таң намазыy оқығандары жайлы риуаят етіледі.

Уаһб бин Мунаббих өте тақуа жан еді. Оның замандасы Ато Хурасаниге айтқан насихаты бүгінгі дін ғалымдарына да аса қажет. Онда: «Бізден алдыңғы ғалымдар ілімдерімен адамдардың дүниесіне ешбір мұқтаж болмады. Олар адамдардың мал-мүлкіне назар аудармады. Ал, дүниесі бар адамдар сол ғалымдардан ілім алу үшін бар мал-мүлкін жұмсауға даяр тұрды. Ал, бүгінде білім иелері дүниесі бар адамдардың мал-мүлкінен дәмеленіп білімін сарп етуге кірісті. Мал-мүлкі бар адамдар болса, ол ғалымдардың жаман күйін көріп, олардың ілімінен теріс айналды. Сен сұлтандардың есігіне жолаушы болма. Өйткені, олардың есігінің алдында түйенің шөккен жері сияқты көптеген бүліктер бар. Сен олардан қаншалықты мал-мүлік алсаң, соншалықты деңгейде дініңнен жоғалтасың», – дейді. Сөзінің соңында: «Уа, Ато! Егер саған жеткілікті болған дүние сені бай етсе, кез келген тіршілік жағдайы саған жеткілікті болады. Ал, егер саған жеткілікті болған дүние сені бай ете алмаса, онда ешбір дүние саған жетпейді. Өйткені, сенің қарның (қалауың) теңіз бен сай сияқты, оны тек топырақ толтыра алады», – деген екен.

Уаһб кешірімді және кеңпейіл тұлға болды. Сыртынан ғайбаттаған адамға ешбір реніш білдірмейтін, кешіріммен қарайтын. Фадл бин Әбу Ъияштың қызметкері былай дейді: «Мен Уаһб бин Мунаббихпен бірге едім. Кенет бір кісі келіп: «Пәленшенің жанында отырғанымда сені балағаттады», – дейді. Мұны естіген Уаһб: «Шайтан сенен басқа сөз жеткізетін адам таппағаны ма?», – деп тыйып тастайды. Артынан әлгі балағаттады деген кісі келіп, Уаһбке сәлем берді. Ғұлама болса, еш нәрсе

болмағандай, сәлемін қабыл алып, қол беріп амандасып, жанына отырғызды», – дейді.

Ғұлама табиғиннің айтқан сөздерінің бірі: «Егер кісі сенде жоқ қасиеттерді айтып мақтаса, сенің бойыңда жоқ кемшілікті айтып жамандауынан аман қаламын деп ойлама», – деген екен. Сонымен бірге, Уаһб бин Мунаббиһ: «Білім – мұсылманның досы, мейірім – көмекшісі, ақыл – жол көрсетушісі, амал – байлығы, сабыр – әскерінің қолбасшысы, кешірім – атасы, ал жұмсақтық – бауыры», – деген екен. Сондай-ақ: «Шамаң келгенше досың көп болсын. Егер олардың көмегіне мұқтаж болмасаң, олар саған ешбір зиян тигізбес. Ал, қажетсінсең, саған көмек берері ақиқат», – деген екен. Ғұламаның өміршең өсиеттері үлкен-кішіге қарамастан керемет ой түйгізеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған