Сіз-біз деген жылы сөз – тіршіліктің ғанимет

Адамның күні – адаммен. Бұл жалғандағы әр күніміз, әр сәтіміз өзге адамдармен қарым-қатынас жасаудан тұратыны хақ. Ал қатынас құралы біздің тіліміз, жүзіміз. Таныс-туыс болсын, бөгде жандар болсын, әртүрлі адамдармен қатынас жасау барысында, біз бұл ара-қатынастаң қаншалықты маңызды екенін сезінумен қатар, қаншалықты иманды екенімізді көреміз де, көрсетеміз де.
Біз кімбіз ? Қандай қарым-қатынас көрсетіп жүрміз ?
Қазақ мақалы «Жақыныңды жаттай күт, жат көрсін де түңілсін,
Бір-біріңді қадір тұт, жұрт үлгі алсын, үңілсін», – дейді. Кейде танымайтын, білмейтін адамдарға барынша жылы қабақ танытып, жақсы әдеп көрсетсек, кейде жанымыздағы ең жақын адамдарымызға мейірім төге алмай қап жатамыз. Ақыретте жүзіміз жарқын болсын десек, әр күні айналамызға жылы жүзімізді бұрғанымыз дұрыс болар. Ал жүздегі жылылық, әлбетте жүректің жылылығынан, жұмсақтығынан, иманның беріктігінен туатын дүние. Өйткені жанның ішкі дүниесі адамның жүзінен танылады емес пе. Жүзі жылы адамның тілі де көркем болмақ. Түсі игіден түңілме, деп бір ауыз сөзбен түйіп кеткен ата-бабаларымыз. Нағыз мүміннің сипаты осындай болмақ емес пе ?
Мүмін, мұсылман – адамдармен жақсы мәміледе болатын пейілі кең адам. Мұсылманның мұсылманмен кезіккенде бір-біріне күлімсіреуі – Алла тағала үшін ең ұнамды іс. Әрі Қиямет күні таразыға алғаш тартылатын нәрсе де – көркем мінез-құлық. «Рахманның хас құлдары жер бетінде сыпайылықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда, (наданмен надан болмай) оларға: «Аман болыңдар!», деп, өз жөніне кете барады» (Фурқан сүресі, 63). «(Уа, мүміндер!) Ұнжырғаларың түсіп, жасымаңдар, қайғы-мұңға салынбаңдар, егер шынымен мүмін болсаңдар, шүбәсіз, сендер үстемсіңдер» (Әли Имран сүресі, 139).
Әлбетте, ортамызда әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Біреу ашулы тұрғанда, оған сабырмен қарап, мейірімділік таныту үшін көп күш салуымыз керек. Бұл жолда бізге әлбетте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмір жолы үлгі-өнеге. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ылғи күлімсіреп жүретін, адамды жарқын жүзбен қарсы алатын. Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы «Ол адамдардың ең жомарты және ең жұмсағы еді. Ол сендер сияқты бір кісі еді, бірақ үнемі күлімсіреп, езу тартып жүретін», – деген екен. Күлімсіреу, жылы қабақ таныту – бұл Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті, және әр адамның жүрегіне, достыққа жол салатын бірден-бір амал.
Әбу Зәрр (р.а.) «Пайғамбарымыз (саллалаһу аләйһи уә сәлләм) маған: «Мұсылман бауырыңды жарқын жүзбен қарсы алу да болса, ешбір жақсылықты (сауапты) азырқанба», – деп айтты», – деген (Муслим, бирр 144). Қасиетті Құран-Кәрімде:
«Кешірімді бол, жақсылыққа шақыр, әрі надандардан теріс айнал (яғни, олардың қылығына және айтқан сөздеріне мән берме)» (Ағраф сүресі, 199) және «(Надандарға) кешіріммен қарай біл» (Хижр сүресі, 85),
«Жағдайы бар мүміндер (ағаттық істеген жоқ-жітіктерді) ғапу етіп, кешірім жасасын. Әлде сендер Алланың өздеріңді жарылқап, кешіруін қаламайсыңдар ма?» (Нұр сүресі, 22) деп бізді, жұмсақтық танытуға, ағаттық кетсе, салғыласпай, үнсіз, кешіре салуға үндейді.
Бүгінде күлімсіреу мен жылы жүзділікті бизнес-қағидалары жарыса жазып, этикада өзекті мәселе етіп алып, кәсіби қасиет ретінде үйретуде. Бұл қалтаңыздан ешбір тиын шығармай, жақсы қарым қатынас жасау баспалдағы деп үйретіп жатса, Пайғамбарымыз мұны бізге, мұсылман қауымына, қабақ ашыңқы болып, жақсы шырай таныту, күлімсіреудің өзі үлкен садақа екенін үйретіп кетті. Асыл дініміздің құндылығы, біздің жылы жүзіміз – Алла разылығы үшін, жүректен шыққан жылылық. Жаныңа жылу сыйлайтын көркем сөз де садақа. Бұл тер төкпей-ақ, әрқайсымыздың қолымыздан келетін іс. Пайдасымен қатар, сауабы бірге жүретін сүннет амалымыз.
Сөзімізді Хадиспен түйіндесек, «Сендер адамдарға дүние-мүліктерің арқылы қуаныш сыйлай алмайсыңдар. Керсінше жарқын жүздерің мен көркем мінез-құлықтарың арқылы ғана қуанта аласыңдар». Бір-бірімізді тек қуантып жүрейік, ол үшін аса байлықтың қажеті жоқ, жүзіміз жылы болса болғаны…
Асхат Асылбекұлы,
Орал облыстық орталық мешітінің азаншысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған