Серпін берген семинар

Батыс Қазақстан  облысы, Орал қаласында имамдар мен теолог мамандардың діни біліктілігін арттыруға арналған «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда имамдар мен теологтардың рөлі» атты оқыту семинар өтті.

Басқосуды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша  өкілдігі мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ұйымдастырды.

Орал орталық мешітінің бас имамының міндетін атқарушы Әлімхан Тұрлыбеков пен БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Аралбайұлы сөз сөйлеп, семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак египет ислам мәдениеті университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Асқар Сабдин  «Заманауи діни ағымдар және экстремизм», аталмыш университеттің исламтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторанты Нұржан Жақсылықұлы «қазіргі  таңдағы хадистану мәселелері», М. Өтемісов атындағы БҚМУ-нің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доценті Жаңабек Жаңабайұлы «Ұлттық сана» жайында дәріс оқып, кеңінен тоқталып түсіндірді.

Салиқалы семинар соңында Ақжайық өңірінің имам-молдаларының сұрақтарына жауап беріп, өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруды, дін қызметкерлері арасындағы ауызбірлік пен ынтымақтастықты берік етіп ұстау қажеттігін атап өтті.

Қатысқан имам-молдалар мен теологтарға сертификаттар беріліп, естелік суретке түсті.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған