СӘНІНЕН ЕМЕС, СӘЛЕМІНЕН ТАНЫ

«Сәлем – сөздің анасы» деген дана қазақ халқы. Қаймағы бұзылмаған салт дәстүріміздің иісін бұрқыратып, дәмін келтіріп тұрған осы бір сәлемдесу ғұрпы.

Сәлемдесудің өзінің әдебі бар. Салт бойынша жасы кіші бірінші амандасуға міндетті. Бір адам көпке, жасы кіші үлкенге, атты адам жаяуға, келе жатқан кісі отырған адамға сәлем береді. Амандасу тәртібінде атты адамдар түзде жолыққанда жасы кіші жасы үлкен адамға қолын беріп, көкірек түйістіре амандасқан. Осы бір салтымыздың өзі де біздің қазақ халқының ислам дінінен алыс еместігін көрсетіп тұрғандай. Қазақта сәлемге қатысты қағида көп. Біреу өзге адам жайлы пікір айтқанда «Ол кісімен сәлемім түзу» не болмаса «Ол сәлемі түзу жан ғой» деп жатады. Байқасақ, аяғы түзу, киімі әдемі, жүзі сұлу не болмаса мінген жылқысы керемет деп емес, қазақ адамды сәлемінен бағалаған. Неге? Өйткені дұрыс, түзу сәлем беру үшін адамға биік адамдық қасиет, иманды жүрек, ізгі мінез керек. Иманды адамнан жамандық шықпайды, ізгі мінезді жанның шуағы көңілдерді, өмірлерді балқытады. Сондықтан адамның сәлемін түзегені – өзін түзегені. Қазақтың құдалық дәстүрінде төс қағысып, құда болу деген салт бар. Әдетте бір адамнан бір адамның жағдайы жақсы, күйлі болып жатады. Біреу – бай, біреу – кедей, біреу – ақсүйек, біреу – қарапайым халық деген сияқты. Кім мен кім құда болса да, төс қағысады. Төс қағысу адам мен адамның тең екенін, ешкімнің артық емес екенін көрсетеді.

Ойлап қараңызшы, бай кедейді құшағына алып, қара халық ханның алдында иілмей, керісінше құшақтасып, амандасып жатса. Байға да, ханға да бұл жағдайда нәпсіні сындыруға тура келеді. Міне, қазақтың дәстүрлері осындай ізгі амалдарды жасатып, түптің түбінде көркем діннің насихат құралы бола алған. Әлбетте, сәлемдесу әуелі адамды кешіпейілдікке тәрбиелейді және сәлем беру адамға жақсылық, есендік, саулық тілеу дегенді білдіреді. Сәлемдесу – адам баласының рухани тарихында қол жеткізген зор игілігі. Оның артықшылығы мен кереметі сонда, ол адамзат әдебін қалыптастырып, бес күндік жалған өмірдегі жұмыр басты пенделердің бір-біріне жылы шырай мен мейір-шапағатын, пейіл кеңдігін үйлестіреді. Асыл болған ислам діні де сәлемдесу тақырыбынан айналып өтпеген. «Әс-Сәләм» – Алла Тағаланың көркем 99 есімінің бірі. Сондықтан сәлем беруші артық сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уәссәләм) бір хадисінде «Сендер толық иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша толық иманға келмейсіңдер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлемдесуді жайыңдар!» деген.

Шариғат бойынша сәлем беру – сүннет, ал сәлемді алу – парыз. Құран Кәрімде Ниса сүресінің 86-аятында «Сендерге сәлем беріліп, игі ниет білдіргенде, сендер одан да артық ниет білдіріп, одан жақсы сәлем беріңдер немесе жоқ дегенде дәл сондай сәлем қайтарыңдар» десе, Пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уәссәләм) тағы бір хадисінде «Сәлем сөйлеместен бұрын жасалады» деген екен. Хәм болған дінімізде «Ассәләмуәләйкум» деу «Алланың сендерге игілігі болсын» деген мағынаны білдіреді. Осы жерде «Ассәләмуәләйкум» деген ұлы сөз тек намазхандар арасында ғана айтылады деп қынжылыс білдіргіміз келеді. Көп жерлерде қол беріп, «Ассәләмуәләйкум» деген сөзді естіген кезде жастар түгілі егде жастағы кісілерден «Уағалейкүмассәләм!» деген сөзді ести алмай жатамыз. Бұл да бір рухани мәселе. Пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уәссәләм) хадисінде егер қарсы жақ сәлеміңді алмаса, бәрібір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелердің алатыны айтылады. «Сенің әрбір сәлеміңді періштелер қабылдайды!» деген сенімді жүрегіне ұялатқан бабаларымыз адам түгілі, кірген шаңырағына да «Ассәләмуәләйкум!» деп сәлем берген. «Болар елдің баласын сәнінен емес, сәлемінен таны» деген сөз бар.

Бүгінгі жастардың сәлемдесуіне қарасақ, «Біз болар елдің баласымыз ба?» деген сұрақ туады. Себебі ер азаматтардың ішінде «Ассәләмуәлейкүм!» деп ауыз толтырып айтуға жарамай, «Саумайкім!» деп міңгірлеп жүргендері бар. Жастардың арасында «Привет» пен «Саламның» сөз басына айналғалы қашан? Бұлар тек мұсылмандыққа емес, қазаққа да жат, кірме сөздер. Үлкен жиындарда, биік мінберлерде, қалың елдің алдында сөз бастаған ел азаматтарынан да «Ассәләмуалейкүм, ағайын!» деген жарқын сәлемдесуді күтеміз. Олар болса, «Қайырлы күн!», «Құрметті, ханымдар мен мырзалар!» дегеннен әрі аса алмай жүр. «Бұтағы қисық ағаштың көлеңкесі түзу түспейді» дегендей, бұл да бір үйдегі ата-аналарының қателігі деп қарасақ болады. Осы ретте халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер» кітабында мынандай дерек кезігеді: «Бейтаныс жігіт атамның бөлмесінің есігінен кіре бере: – Ассәләмуәләйкум, – деп екі қолын бірдей ұсынды. – Уағалейкумассаләм, – деп атам да ықыласты дауыспен сәлем алып, – мына креслоға жайғасып отырын, – деді. – Қарағым, не шаруамен келіп едің? Мына жігіттің сәлем беру мәнері атама ұнады. Өйткені жақсы қабылдады. Әйел адам болса бір сәрі, ал енді ер кісілердің, әсіресе өзінен кішілердің «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегеніне атам: «Іздірәсти», – дей салады немесе «Здрам-жлам», – деп ұсынған қолды көрмегендей төбесіне қарайды. Бұның мәнін талайлар біле бермейді, атамның қырсығы ұстап қалғанын абайламайды». Міне, осыдан-ақ дана халқымыз «Сәлем – сөздің анасы» деп дұрыс сәлемдесе білуді бәрінен жоғары қойғанын, адамдықтың белгісі деп санағанын көреміз. Тағы да бір айта кететін мәселе бар. Біз сәлемді кімге береміз? Лауазымы жоғары, ықпалды, бақуатты, бай, танымал адамдарға бірінші сәлем беруге үйірміз. Ал ауырып жатқан адамның хәлін сұрап, арнайы барып сәлем берудің қаншалықты сауапты іс екенін білмейміз ғой. Қоғамда осы үрдіс кенжелеп барады. Науқасты, үлкен кісіні зиярат ету де қалып бара жатқасын, аралар суып барады. Пайғамбарымыздың (саллалаһу әлейһи уәссәләм) қасында жүрген сахабалары сырқаттанған кезде ең бірінші жанынан Пайғамбарымыздың өзі (саллалаһу әлейһи уәссәләм) табылатын. Бұл да біз үшін бір насихат. Заманның адамды дүниеге байлап қойғаны соншалық, біздер шаруамыз тірелмесе ешкіммен тілдеспейтін, амандаспайтын хәлге жеттік. Біреуге барсақ, біреумен амандассақ, демек ол кісіде шаруамыз бар деген сөз. Бұрындары жас жігіттердің үлкендерді, шәкірттердің ұстаздарды іздеп айшылық жол жүріп, тек сәлем беру үшін барғанын әдебиеттен оқыдық, білдік. Кейін өздері де ел іздеп келетіндей қазыналы қарияға, ұлағатты ұстазға айналып еді. «Сырымның Малайсарыдан бата алуға баруы» деген сияқты тарихи мысалдар бізге үлгі болуы керек қой. Ұялы телефон байланысты жақындатқанмен, адамдарды алыстатып бара жатыр дегенге осындайда келісесің. Адам адамды пайда үшін іздеп, біреу біреуге есеппен көмектессе, замана кері кетпей ме? Осыны ойландық па? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сәлем беруді ізет көрсетудің белгісі деп біле ме немесе ескіліктің сарқыншағы деп санай ма, ол әркімнің жеке ойы. Ал біздің айтарымыз, сәлем берудің түпкі мән-мағынасы – әдептілік. Әдептіліктің шыңы – адамдық. Алла баршамызды да өзінің нұрына, мейіріміне бөленгендерден қылсын!

Әділхан НАУРЫЗБАЙ,
Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған