РАНТ мүшесі «Ислам және қоғам» тақырыбында кездесу өткізді

«Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы, аға оқытушы, исламтанушы-теолог Ризабек Батталұлы ауданға арнайы сапармен келіп, аудандық мәдениет үйінде аудан жұртшылығымен жүздесті. Басқосуға аудан мешітінің имамдары, мекеме, бөлім басшылары, тұрғындар қатысты. Кездесу барысында «Ислам және қоғам» тақырыбында әңгіме айтылып, ислам діні, қазақ дәстүрі мен мәдениеті біте қайнасып жатқаны, ол ұлттық құндылықтың ажырамас бір бөлігіне айналғаны тілге тиек етілді. Сонымен қатар, исламтанушы дін мен дәстүрдің ұғымын жастарға жіті түсіндірді. Сондай-ақ, қазіргі қоғаммен әлеуметтік желіде таралып жүрген теріс ағымдардың мән-мағынасын ашып, жат ағымның жетегінде кетпеудің жолдарын айтты.
-Жат ағымнан беті қайтып жатқандар да жоқ емес. Алайда, ешбір ата-ана бауыр еті баласын кеудесінен итермей, қатесін кешіріп, мүмкін болса дер кезінде имамдармен жолығып, түзу жолға түсуіне көмектессе екен деген тілек бар, -деді Р.Батталұлы.
Әрмен қарай тұрғындар көкейкесті сұрақтарын қойып, пікір алмасып, ой бөлісіп, толыққанды әрі мардымды жауап алды. Аудан мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев Ризабек Батталұлына сый-сыяпат табыстады. Теологпен салиқалы кездесу болып, қалың жұртшылық жақсы көңіл-күймен тарады.

Жәнібек аудандық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған