РАМАЗАН ТӘУБЕ АЙЫ

Жүрекке жылулық сыйлап, адам рухын жаңа деңгейге шығаратын, кешірім сұраушыға кешірім беріліп, тілек тілеушінің тілегі қабыл болатын қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Әр мұсылман бұл айды ерекше ыждағаттылықпен күтетіні анық. Өйткені, қасиетті айда тәніміз бен жанымыздың сезінетін құлшылық рахатын басқа уақытта сезіну мүмкін емес. Сонымен қатар, Рамазан айы адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Соның бірі – тақуалық. Ал тақуалықты бойымызға сіңіруіміз үшін осы айда көбірек тәубе етуіміз қажет. Себебі, шынайы жасалынған тәубе оразада шүбәсіз қабыл болатыны анық. Өйткені,бұл ай өте қайырлы ай. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің мүбәрак хадистерінің бірінде:

«Мұсылмандар үшін бұл айдан қайырлы ай жоқ», – деп рамазан айының маңыздылығын көрсеткен.

Рамазан айының қайырлығы сондай бұл айда  ұстаған оразаның өзіндік жеңілдігі, үлкен берекеті бар. Бұл айда жасаған бір жақсы ісің үшін шексіз мейірімді Жаратушымыз еселеп сауап жазады. Жаратушымыздың құлына деген мейірімділігі сондай біліп-білмей істеген күнәлары үшін, кей кезде пендешілікке салынып танытқан қанағат-шүкірсіздігі үшін тәуба жасап, жаны тыныштық тапсын деп берекелі айды арнайы құлдары  үшін нәсіп еткен. Осындай Алланың үлкен сыйының қадірін түсініп жатырмыз ба? Пендешілікке салынып жүрген жоқпыз ба? Басталып қалған Рамазан айына деген әзірлігіңіз бар ма? Өткен жылғы Рамазандағы иман деңгейіңізді басып озып, иманыңызды жаңа деңгейге көтеруге дайынсыз ба? Егер дайын болмасаңыз, сізде аз ғана уақыт бар… Бос жіберіп алмаңыз.

Табиғат та, жануарлар да, адамдар да… Барлығы  Алланың жаратылысы.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,  

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,  

Және хақ жолы осы деп әділетті», – деп жырлаған Абай атамыздың осы сөздері бәрімізге таныс.  Расымен, сұлулықты жақсы көретін Жаратушымыз барша құлдарын өзіндік  сұлулығымен жаратты. Пәк Жаратушымыз бізге көркем мінездер нәсіп етті.   Қамқор Жаратушымыз жәй ғана жаратып қана қоймай, біздің жақсы өмір түсіруміз үшін астымызға жет қат жерді, төбемізге шексіз көк аспанды, жерден өсіп шығатын ризық-несібемізді нәсіп етті.  Осының бәрін құлдарым үшін деп жаратқан Жаратушымызға шынайы шүкірлік айтып, жүрек түкпірімізбен тәуба ете алып жатырмыз ба? Тым болмаса, Алланың нәсіп еткен нығметтеріне жауапкершілікпен қарап жатырмыз ба? Әрине, пенде болған соң қателіксіз өмір сүру мүмкін емес. Кей-кезде жауапкершілікке бей-жәй қарап, Алланың нығметтерін байқамай, пендешілікке салынып, Алланың дара жолынан адасып кетуіміз мүмкін. Жаратылыс үшін бұл қалыпты жағдай. Тек маңыздысы, қате басқан соң, қатемізді түсініп, шын жүрекпен күйініп, тәубе етіп, Аллаға оралуымыз.

Жалпы, тәубе – күллі мұсылман қауымының тіліндегі арабша сөз. «Өткен күнәларына шын жүректен өкіну, күйіну» дегенді білдіреді. Ал, қателіктеріне шынай өкініп, Алланың разылығын күтіп тәубе еткен құлына Алланың сүйіспеншілігі нәсіп болады. Құран Кәрімде:

«Шәксіз, Алла тағала тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды жақсы көреді»,- делінген. («Бақара» сүресі, 222-аят).

Ал, Алла тағаланың сүйіспеншілігіне ие болған адам басқа адамдарға сүйіспеншілікпен, мейіріммен, рақымдылықпен қарай алады. Өзгелерге рақымдылықпен қарай алған адамға Аллах тағала екі есе мейірімін төгеді. Ол туралы  Әл-Жәмиус-Сағирде келген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла тағала өзгелерге рақымды пенделерін Өз рахметіне бөлейді», – деген. Рақымды Жаратушымыз құлдарына әр жасаған ізгі амалымызға үлкен сауап жазылатын, дұға тілесек, шүбәсіз қабыл болатын, тәубе етсек, кешірімге ие болатын тағы да бір үлкен мүмкіндік бергелі тұр. Ол – Рамазан.

Бірақ осы тұста бірнәрсе атап өткім келеді.  Жаратушы Иеміз ешқашан да пенделерінің тәубе, оразасы мен құлшылығына мұқтаж емес, қайта пенделер екі дүниеде де жақсылыққа кенелуде, өздерін ұнамсыз мінез-құлықтарынан арылтуда көбірек құлшылық жасауға мұқтаж.

Рамазан – адасқанға бағыт көрсететін, жығылғанға демеу болатын, шаршағанға қамқор болатын, шөлдегенге сусын болатын, рухани ашыққанға азық болатын, әлсізге қуат беретін,  мұң-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлық айы. Бұл Алланың сыйға берген айы. Бұл Алланың құлдарына берген үлкен мүмкіндігі. Бұл тәубе айы.

Ендеше, алда келе жатырған Рамазан айына ерекше ниетпен дайындалып, қасиетті айымызды Алла разы болатындай деңгейде өткізейік. Шипа беруші Иеміз барша жандардың  жан дерті мен тән дерттеріне шипа бергей! Тәубеміз бен дұғамызды қабыл етіп, ұстаған оразаларымызға сауаптан жазғай!

                                                      Руслан қажы Сұлтанов,

Тәжіден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған