Псевдосәләфизмнің зияны

Алдымен он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы Иемізге сансыз мақтау мен мадақтар болсын! Сонымен қатар, екі дүниенің сардары, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай.
Дін өте нәзік, өте терең, өте жауапкершілікті қажет ететін рухани байлық. «Дінді ұстай алсаң – қасиетін, ұстай алмасаң – қасіретің» деген ата-бабалардан қалған нақыл сөз бар. Осы ретте қазіргі қоғамда етек жайған псевдосалафистік сенімді айтып өткен жөн болар. Олардың діни сенімдерімен қоғамға тиер зияны арқылы еліміздің тұғырын әлсіретіп, негізгі рухани байлықтардан ажырататыны хақ. Онымен қоса, бұрынғы ғалымдардың бір ауыздан мақұлдаған мазхабтарды мойындағанымен, олардың принциптері мен шариғи нормаларын ұстанбайды. Өздерінің пайымдауынша «салаф-салихиндер» деп аталатын Пайғамбарымыздың заманындағы және одан кейінгі екі ғасырда өмір сүрген мұсылмандардың ұстанымы мен жүреміз. Аят және хадистерді тіке түсініп, ешбір ғалымның тәпсірі мен шархына үңілмейміз. Үңілетін балса да өздерінің ішіндегі шейх деп танылған ғалымдардың мақұлдауынан кейін қарайтынын алға тартады.
Егер ислам тарихын білетін адам болса бұл діни сенімнің тарихын тонау Хауариждерге тірелетіні анық байқайды. Алайда олардың тарих сахынасына шығуы Мұхаммад ибн Абдулламен (1703-1792ж.ж.) тіке байланысты. Себебі Мұхаммад ибн Абдулла «дінді тек Құран мен сунеттен ғана алу керек» деген ұранмен білім алған болатын. Діни білімі төмен бола тұра талай ғалымдармен пікір таласқа да түскен. Және ең негізгі жек көретіні ақылмен қолданбалы ілім болып табылды. Сонымен қоса, өздерінің сенімдеріне сай келмегендердің баршасын күпірлікпен айыптайды. Қазіргі таңда күпірлікпен айыптаулары «бидғат иелері» деген терминмен ауыстырып айтылуда. Алайда олардың түсінігінде бидғат жасау күпірліктен де жаман, дінен шығаратын амал. Себебі кәпір күпірлігін біледі ол иманға келу мүмкін, ал бидғат иесі ешқашан өз қатесін мойындамайды. Ал бидғат шеңбері олар үшін үлкен. Оның ішіне дәстүріміз, салтымыз, ғұрпымыз, қоғамда қалыптасқан әдеттеріміз кіреді. Олар шариғат қағидаларына сай келеме, келмейме қарамайды.
Псевдосәләфизм өздерінің сенім жүйелерін Мұхаммад ибн Абдулланың сенім жүйесімен ұстанады. Мұхаммад ибн Абдулланың сенімі Ибн Таймияның тауихитті үшке бөліп қарастыру принціпінің айналасында құрылған. Яғни псевдосәләфиттер Ибн Таймияның «үш негіз» сенімімен жүреді. Үш негіздегі ең тура мұсылман, яғни олар Құран аяттардағы мұташабих аяттарды тіке түсініп, Құран тәпсірінде қолданатын тәуел жасау ережесін (аяттардағы ұқсас, астарлап келген мағыналарға Алла Тағалаға лайықты түрде мағына тағайындау) жоққа шығарады.
Мәселен: Құрандағы «Олар Алланы ұмытты, сондықтан Алла оларды ұмытты» (Тауба,67) деген аятты тура түсінетін болсақ – Алла ұмытушы. Алайда Алла Тағала ұмыту деген кемшіліктен пәк. Және Алла Тағаланың барлық нәрсені біліп тұрушы деген сипаты бар. Сол үшін ғалымдарымыз бұл аятты тәпсірлей келе ұмыту сөзі «жаза» дегенді білдіреді деген. Ал бұндай тәуел жасауға псевдосалафиттер бірден қарсы шығып, аталмыш тәуел жасау қағидасын қолданатын имам Әшғари мен имам Матуриди ақидасын жоққа шығарады. Онысымен қоймай, оларға «адасқан философтар» деп жала жабады.
Жалпы псевдасәләфилердің бұрыс сенімдерінің бірқатары төмендегідей:
1. Мұсылман емес адамды күштеп дінге кіргізу;
2. Өзін мұсылманмын деген адам намаз оқымаса – кәпір;
3. Мұсылман емес мемлекетте өмір сүрген адам – тағутқа табынады. («Тағут»араб сөзі – адамдардың Алладан басқа құдай етіп табынатындары);
4. Патшасы намаз оқымайтын мемлекет – кәпірлердің мемлекеті;
5. Өзін мұсылман санаған адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман мемлекетіне көшуі керек;
6. Намаз оқымайтын отбасынан ажырау қажет. Ер адам намаз оқымайтын әйелін талақ етеді немесе әйел өзінің намаз оқымайтын күйеуімен ажырасуы қажет деп санайды.
7. Салт дәстүрдің бәрін бидғат санайды.
8. Кәпірге айтылған хадистерді мұсылмандарға қарсы айтады.
Осы аталған бүліктердің туындауының ең негізгісі төрт мазхабқа бағынбау. Білімді адамдардың ілімін алмай, төрт мазхабты мойындамау. Мұны таратушылар – өздері қателескен және өзгелерді адастыратын адамдар.
Кезкелген діни сенімге иланған адам мына төмендегі қағидаларды өзіне бағыт бағдар етіп алса, псевдосәләфиттердің тұзағына түспейді. Осыларды біліп, көкейде сақтап, амал етіп жүру керек.
1. Дінді маман иесінен үйрені керек. Қазіргі таңда ҚМДБ тарапынан тағайындалған имамдардың білім деңгейлері жоғары.
2 Діни ілімді итернет желісінен алған жастар да аз емес. Белгісіз сайттар мен форумдарға кіріп, қисық түсінікке иланып, қоғам арасында байбалам салып жүргендердің қатарына кірмес үшін ҚМДБ ұсынған дұрыс діни сайттарға, порталдарға кіру. Ондай сайттар өте көп және ішінде қызықты мәліметтер мен кең бағдарламал бар.
3 Діни кітапты немесе жазбаша материялдарды оқыған кезде мемлекетіміздің арнайы құзырлы органдардың тексерісінен өткен әдебиеттерді пайдалану керек. Себебі діннен еш хабары жоқ жастар теріс түсінікті қамтыған кітапты оқыса, қалай сол сенімнің жетегіне кеткенін де байқамай қалатыны анық.
Қазіргі кезде мемлекет тыныштығын бұзып, дінді таратамыз деп жалған ұран айтып, дінді тарату түгілі, ұстануды жетік білмейтін жат ағым сенімінде жүргендерге айтарымыз, алдымен Ислам дінінің тарихын менгеріп, Пайғамбарымыздың өмір баянын жетік біліп, содан үлгі ала отырып дінді іс жүзінде қолдансаңыздар әлмисақтан бері мұсылманмын деген қазақ халқының бойына имандылық даритыны анық. Әр адамды кінәлау әркімнің қолынан келетін амал, ал Пайғамбарлардың сара жолында көркем түрде татулықты, бірлікті сақтай отырып жүру тек тура жолда жүрген шынай мұсылмандардың ісі.

Наурыз Ибатұлы,
Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған