Отбасы шаттығы туралы бірер сөз

        Бізді жоқтан бар еткен, жұп-жұп етіп жаратқан Алла Тағалаға шексіз мақтаулар, мадақтаулар, шүкірлер болғай. Және өмірлік жолда адаспай жүруге, ақыреттік бақытқа жетуге үйреткен Мұхаммад (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болғай.

Ия, “Үйлену оңай, үй болу қиын”. Үлкендер бұл нақылды жиі айтады. Неге? Өйткені, қазіргі қоғамда отау құрып, кейін ажырасып жатқан отбасылар өте көп. Себеп әр түрлі. “Бір басы, екеу болды” деп қуанған ата-ана бар-жоғын жиып, теріп, той жасайды. Бар тілектері – екі жастың бақытты болуы. Алайда, бұл қуаныштың соңы, өкінішке әкелетін кездер де болады. Статистикаға сүйенсек, елімізде  төрт некенің біреуі міндетті түрде ажырасады екен.

Отбасын құру –  жауапкершілік пен түсіністікті, сыйластық пен кешірімді, парыз бен міндетті қажет ететін шешім. Қазақта “Отан – отбасынан басталады” деген жақсы сөз бар. Расында да, отбасы – өзінше бір мемлекет іспетті. Оның іргетасы мықты болуы керек. Қасиетті Құранда “Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық” деген аят бар. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасатынын ескерсек, жасы жеткен әр адамның өз сыңарын тауып, некелескені абзал іс саналады. Бақыттың кілті тек үйлену емес, әрі қарай жарасымды, үлгілі отбасын құру екенін ұмытпаған жөн. Пайғамбарымыз (Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Естеріңде болсын, сендердің әйелдеріңде және әйелдеріңнің де сендерде  хақы бар”, яғни ерлі – зайыптылар бір – бірінің алдындағы міндеттерін білуі тиіс.

Отбасылық өмірде келіспеушіліктер мен қиындықтардың болуы заңдылық. Өмірдің ащысы мен тұщысы, тәттісі мен қаттысы қатар жүреді. “Үй болған соң, ыдыс – аяқ сылдырламай тұрмайды”.  Оны байыппен, сабырмен бірге шешу – өзара түсіністікке қол жеткізеді.

Асыл дініміз себепсізден – себепсіз ажырасуды құптамайды. Ажырасу – ерлі-зайыптылардың соңғы шешуші қадамы болуы тиіс. Әрине, одан  бұрын екеуара мәселені анықтау қажет. Әбу Дәуіттің хадис жинағында келтірілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (Алла Тағаланың игілігі мен сілемі болсын): “Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсыз ол – талақ” деген екен.

Әсет Раманқұлов,

 «Тәжиден Батырұлы» атындағы Орал қалалық мешітінің найб имамы  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған