Мешіттерде дезинфекция жүргізілуде

Тәуелсіздік алғалы еліміздегі мешіттерде тұңғыш рет жамағатпен намаз оқуға тыйым салынды. Оған себеп – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төтенше жағдай кезінде мешітте жұма және бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуа шығаруы.

«Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дертті пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16  наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілді.

Алла Тағала адамзат баласына: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер»– деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты:«Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс»– деген (Бухари, Муслим).Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.

Ислам діні кейбір ғибадатты қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді», – делінген пәтуада.

Бұған мұсылмандар түсіністікпен қарағаны сөзсіз. Жамағат болып намаз оқуға тыйым салынғанымен, мешіттерде бес уақыт азан шақырылады. Қазіргі уақытта ҚМБД-ның БҚО бойынша өкілдігі сақтану шараларын қалай жүргізіп жатқанын білмекке ақшам намазы алдында облыстық орталық мешітке бас сұқтық. Мешіт есіктерінің тұтқалары ақ дәкемен оралған екен. Әдетте, бірі Құран оқып, бірі діни уағыз айтып жататын жамағат қарасы көрінбейді. Құлшылық үйі әуелден таза ұсталатыны мәлім. Облыстық орталық мешіттің найб имамы Бақытжан Құралбайұлы санитарлық талапқа сәйкес мешіттің іші күн сайын дезинфекцияланып тұратынын айтты.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед «Ауруды көрсеңдер жыртқыш аңнан қашқандай, қашыңдар» деген. Бұл өсиетте сақтану шараларына көңіл бөлу, індет жұқтырған науқастан мейлінше қашық жүру насихатталған. Карантин аймағынан жапатармағай босып кету дегенді білдірмейді. Құран аятында да «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер» деп жазылған.Яғни денсаулықты сақтау аманат болып есептеледі. Мемлекеттен дін бөлек деп қарау дұрыс емес. Бәріміз де мемлекетке жәрдемдесіп, аурудың алдын алуға атсалысуымыз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағат болып бес уақыт оқылатын және жұма намазына тыйым салды. Елдегі мұсылмандар жұма намазының орнына үйде бесін намазын өтейді. Облысымыздағы барлық мешіт ашық болады, азан шақырылады. Мешітте имамдар қызметін жалғастыра береді. Көшеде жүргенде, парыз амалын өтеуге мүмкіншілік болмаған жағдайда, мешітке келіп, әркім намазын жеке оқуына рұқсат. Оның өзіндесоған қарастырылғанбөлме ауасы ауық-ауық тазартылып тұруы керек. Коронавирус жұқпасы темірден жасалған нәрселерде ұзақ сақталады екен. Сондықтан есік тұтқалары ақ дәкемен оралып, дезинфекция жасалынып отырады, – деді Бақытжан Құралбайұлы.

Орталық мешіт найб имамының сөзінше, Құран оқуға үйрететін дәріс курстары тоқтатылған. Мешітте топ  болып отыруға рұқсат етілмейді. Орал қаласындағы медресе шәкірттері де онлайн оқуға көшкен. ҚМБД пәтуасына сәйкес, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар, марқұм болған адамның жетісі, қырқы, жылынөткізу тәрізді дәстүрлі кәделер уақытша тоқтатылған. Жаназа намазына қарақұрым болып бару да құпталмайды.

«VII ғасырда Омар сахаба халифа болған кезінде Сирия елінен індет шыққан. Сол елге бет алған халифа сапар кезінде ауру жайлағанын естіген соң, ат басын кейін бұрады. Сирияны билеп тұрған Ғұбайдолла әмірші «Омар, сен тағдырдан қашып бара жатырсың ба?» дейді. Сонда Омар: «Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қарай қашып бара жатырмын. Шөбі шүйгін жерге түйе жайсаң да, Алланың тағдыры, шөлейт жерге түйе жайсаң да Алланың тағдыры» деген екен. Осы оқиғадан ғибрат алып, қауіпті ауру жайлаған елге кірмеу қажеттігін түсінуіміз қажет», – деді Бақытжан Құралбайұлы. Найб имамның түсіндіруінше, Мұхамед пайғамбар хадисінде: «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар» деп ескерткен екен.

Облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Мукателовтың айтуынша, облыста 78 діни бірлестік бар. Соған сәйкес 76 ғибадат үйі, діни іс-шараларды өткізуге арналған 5 орын белгіленген. Наурыз айында ұйымдастырылған жиында діни бірлестіктер төрағаларына көпшілік болып ғибадат ету қауіпті екені жайында айтылып, жауапты құрылымдар тарапынан коронавирустан сақтанушараларынжүргізуге байланысты ұсыныстар жасалған. Тұрғындардың басым көпшілігі Ислам дінін ұстанатыны мәлім. Өңірімізде 47 мешіт бар. Барлық мешітте дезинфекция тұрақты жүргізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстаннан бөлек, Сауд Арабиясы, Кувейт, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан мүфтияттары жамағат намазын үйде оқуға үндеуде.

Нұркен ҒАППАР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған