ИМАН ЖҮРЕКТІҢ ШАМШЫРАҒЫ

Әрбір мұсылман үшін Аллаға деген иман және оның шынайы болуы ең басты мәселе. Өйткені осы иманымыз арқылы біз екі дүние бақытына қол жеткіземіз. Иман – «сену, растау» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген үкімдер мен тыйымдарды жүрекпен растап, қабыл ету деген сөз. Құранда Алла Тағала былай дейді:

امَنَ الرَّسُولُ بِمَا اُنْزِلَ اِلَيْهِ مِنْ رَبِّه وَالْمُؤْمِنُونَ

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де оған иман келтірді» («Бақара» сүресі, 285-аят).

Иманның негізгі орны – жүрек. Қандай адам болмасын Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрселеріне жүрекпен сенсе, оның дұрыстығына иланса, онысын бір себептерге орай тілімен айта алмаса да Алла құзырында мүмін болып саналады. Ал, тілімен ғана иман келтіргендігін айтып, жүрегімен растамаса, Алла құзырында шынайы иман келтірген болып табылмайды. Бұл жайында Құран былай дейді:

وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَقُولُ امَنَّا بِاللّهِ وَبِالْيَوْمِ الْاخِرِ وَمَاهُمْ بِمُؤْمِنينَ

«Адамдардың кейбіреулері (екі жүзді мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді» («Бақара» сүресі, 8-аят).

قَالَتِ الْاَعْرَابُ امَنَّا قُلْ لَمْ تُؤْمِنُوا وَلكِنْ قُولُوا اَسْلَمْنَا وَلَمَّا يَدْخُلِ الْايمَانُ فى قُلُوبِكُمْ

«Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. (Мұхаммед) оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсіз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» («Хұжұрат» сүресі, 14-аят).

Мәшһүр тәпсірші, үлкен ғұламалардың бірі Мүжәһид (һ.21-103) бұл аяттың Мәдина қаласына жақын жердегі Бәни Әсад ибн Хузайма тайпасы жайында түсірілгендігін айтқан. Аталған тайпа жоқшылықтан ғана мұсылман болғандарын айтады. Оған себеп, аштық болған жылы олар Мәдина қаласына келіп, тілдерімен кәлима айтады. Сосын Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз пәленшенің ұлдары, пәленшенің ұлдары секілді Сізге соғыс ашқанымыз жоқ», –  дейді. Бұл сөздерімен олар Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өздеріне садақа беріліп, көмек көрсетілсе дегендегісі еді. Олардың жүрекпен емес, аштықтан аман қалу үшін тілмен айта салғаны үшін жоғарыдағы аят түсірілген (Алуси, Рухул-Мәьани, Бәйрут, т. XXVI, 167 б., Мысыр, 1353 һ.).

Аталған аятта Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген Бәни Әсад ибн Хузайма тайпасына: «Сендер иман келтірмедіңдер» деп айт!» деп бұйырып тұр. Өйткені, иман тілмен ғана болмайды, оған жүрекпен де иман келтіру керектігі көрсетілуде.

Иман келтіргендігін тілмен айту бұл дүниеде мұсылман болғандығын білдіру және өзіне (дүниеден өтсе жаназа намазын оқуына, мұсылмандар мазарына қойылуына) ислам үкімдерін орындау үшін керек. Әшғарилер де Матуриди де осы көзқараста (Шарх әл-Фиқһу әл-Әкбар, 69 б.). «Иман – жүрекпен растап, оны тілмен айту» дегендегі мақсат та осы. Әйтпесе, құдіретті Алла құзырында мұсылман болу үшін жүрекпен растауы да жетерлік. Алла жүректерде не бар екенін толық білуші.

ИМАННЫҢ ДҰРЫС БОЛУ ШАРТТАРЫ

Ендігі сөз кезегін иман келтіргеннен кейін оның шынайылығын арттыруда өзіндік шарттары бар екеніне де тоқталайық. Яғни, иман дұрыс әрі қабыл болуы үшін мынадай үш шарт табылуы тиіс.

1.Иман үмітсіздік халде болмауы керек

Өмір бойы иманға келмеген адам, өмірі таусылып жатқан кезде, яғни жан беру кезінде амалсыздан иман келтіруі дұрыс та емес, қабыл да емес. Құранда бұл жайлы былай делінеді:

وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّاتِ حَتّى اِذَا حَضَرَ اَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ اِنّى تُبْتُ الْآنَ وَلَاالَّذينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ اُولئِكَ اَعْتَدْنَا لَهُمْ عَذَابًا اَليمًا

«Ал жамандықты өздеріне өлім келгенге дейін істеп: «Енді шынайы тәубе қылдым» деген және қарсы болған бойда өлгендердің тәубесі қабыл емес. Міне солар үшін күйзелтуші азап әзірледік» («Ниса» сүресі, 18-аят).

2.Иман келтірген адам діннің нақты үкімдерінен бірін тәрк еткізетін сөз немесе іс жасамауы тиіс

Мәселен, діндегі үкімі нақты болған намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыз амалдардың бірін жоққа шығарса, онда иманын жойған болып есептеледі. Дін бүкіл амалдарына сенумен толық болмақ. Ал, солардың біреуіне сенбей, жоққа шығарса, басқа үкімдерді де жоққа шығарғанмен пара-пар. Дегенмен, діннің бүкіл амалдарына сеніп, олардың кейбірін орындамаса, діннен шыққан болып есептелмейді. Мынаны ажырата білуіміз керек. Діннің үкімдерін жоққа шығару бір басқа, оны орындамау өз алдына басқа нәрсе. Кейбір сенімге селкеу салып жүрген ағым өкілдері намаз оқымаған адамды діннен шығарып, кәпірге балап, айды аспаннан бірақ шығарып жүр. Осындай сөздерімен қаншама жастарды шатастырып, адастырып жатқан  жайы бар. Сонда адамның жүрегіндегі Аллаға деген сенімді қайтпек?! Сол үшін дін ұстанған осы екен деп бас-көзсіз дүбәралыққа салынбау керек.

3.Діндегі үкімдердің барлығын жақсы көру

Яғни, араларын бөліп жармай, бірін-бірінен артық не кем көрмей, барлығын да жақсы көріп орындау. «Намаз жақсы, ораза онша емес» деуге еш қақымыз жоқ. «Қажылыққа барған қатты ұнайды, зекет жаман, дүниең жұмсалады» деу де мүлдем дұрыс емес. Сондықтан, мұсылман діннің барлық үкімдерін теңдей жақсы көруі тиіс.

ИМАН АРТЫП-КЕМИ МЕ?

Әрине, иманның артуы немесе кемуі деген сөз жоқ. Бұл жағдайда иманның шынайылығы тұрғысынан мұсылмандар арасында айырмашылық жоқ. Адамдар арасындағы айырмашылық сену-сенбеумен болады. Бірақ, иманның қуатты немесе әлсіздік тұрғысынан, яғни сапа жағынан айырмашылық бар. Мәселен, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иман қуаттылығы ешкіммен салыстыруға келмейді. Болмаса төрт халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилердің (оған Алла разы болсын) иманымен біздің иман қуаттылығымыз тіпті тең емес. Бұл жағдай аят-хадистерде ишарат етіліп көрсетілген.

اِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذينَ اِذَا ذُكِرَ اللّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَاِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ ايَاتُهُ زَادَتْهُمْ ايمَانًا وَعَلى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

«Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары қуаттанып, Раббыларына тәуекел етеді» («Әнфал» сүресі, 2-аят).

Иманның сапа жағынан күшейіп немесе әлсірейтіндігіне Ибраһим  пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) былай дегенін мысал етіп көрсетейік. Ибраһим пайғамбар Алланың хабибі, досы. Сонысына қарамастан былай дейді:

وَاِذْ قَالَ اِبْرهيمُ رَبِّ اَرِنى كَيْفَ تُحْيِ الْمَوْتى

«Сонау заманда Ибраһим (ғ.с.): «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» – деді.

قَالَ اَوَلَمْ تُؤْمِنْ

(Алла): «Маған сенбейсің бе?», – деді

قَالَ بَلى وَلكِنْ لِيَطْمَئِنَّ قَلْبى

(Ибраһим ғ.с.): «Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын» – деді. («Бақара» сүресі, 260-аят).

Аталған аят арқылы хазірет Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар көрмей-ақ иман келтірсе де, Алланың құдіретін көзбен көрген сәтте иманының онан да қуаттала түсетіндігін көрсетуде.

Ерік Сұлтанов,

Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған