Хазіреті Ибраһим (а.с.) Алланы қалай таныды?

Хазіреті Ибраһим (а.с.) Аллаға достықтың сырын ашқан жастардың бірі болатын. Ол (а.с.) Жаратушының өзіне берген даналығын қолдана отырып, ақылын ең көркем түрде пайдаланып, Алланың бар екеніне және жалғыз екеніне өзінің терең ойымен сенген еді. Хазіреті Ибраһимның (а.с.) ғаламдағы әсемдіктерді тәфәккур етумен Раббысын іздеп табуы – Құран Кәрімде былай баяндалады:

«(Ибраһим) түн қараңғылығы түскенде бір жұлдызды көріп: (Атасының және қауымының пұттарға, жұлдыздарға, ай мен күнге табынуы себепті олардың айтқандарына қарап) «Мынау (ма екен), менің Раббым?!» – деді. Жұлдыз өшкенде: «Мен осылай өшетін нәрсені (тәңір деп) ұнатпаймын» – деді. Ол айдың туғанын көріп: «(Әлде) менің Раббым осы (ма)?!» – деді. Ол батқанда: «(оны да ұнатпай, өзгелердің ақиқатқа кол жеткізулерін көздеп, өзі сенген ұлық жаратушысын нұсқап) Раббым мені тура жолға салмағанда, ант етемін, мен де адасқандар қатарында болады екенмін», – деді. (Ақыры) күннің шығып келе жатқанын көргенде: «(Демек, сендердің айтуларыңша,) менің Раббым осы (болуға тиіс). Өйткені, бұл бәрінен де үлкен екен» – деді. Ол да батып кеткенде: «Ей, жұртым! (көрдіңдер ғой, бұлардың барлығы пәни әрі жаратылған). Мен шынында сендердің (Аллаға) серік етіп қосқандарыңнан аулақпын». «Расында, мен жүзімді ханиф (Алланы бірлеуші) ретінде күллі аспан мен жердің жаратушысына толық қараттым. Мен серік қосушылардан емеспін» («Әнғам» сүресі, 76-79-аяттар).

Бұл зерек те ақылды жас жігіт Раббысын іздеп тапқан соң Оның жолында үлкен таухид күресін бастап кетті. Күпір мен шірктің батпағына батып қалған адамдарды құтқару үшін бар жігерімен қолынан келгенінше тырысып бақты.

Хазіреті Ибраһим (а.с.) өзін тыңдамай қойған халқының мүшкіл халі үшін қатты қам жеді. Олар табынған тас пен тақтайдан жасалған пұттардың қауқарсыздығын дәлелдеу үшін бір керемет жоспар құрды. Қолына бір балтаны алып, пұтханаға барды да, бәрін жайратып салды. Тек ең үлкен біреуін ғана қалдырды да, балтаны соның мойнына асты. Кешқұрым Келдани тайпасы сауық-сайраннан қалаға қайта оралған кезде пұтханадағы ойранды көріп, жағаларын ұстады. Олар болжам жасап:

«Ибраһим деген бір жігіттің осыларды сөз етіп жүргенін естідік», – десті («Әнбия» сүресі, 60-аят).

Дереу Ибраһимды (а.с.) тауып әкеліп, сұрақтың астына алады:

– Мына істі сен істедің бе?

– Жоқ, мына үлкен пұт істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса, өзінен сұрап көрмейсіңдер ме?

Пұтшыл халық өздерінің істеп жүргендерінің қаншалықты ақылға қонымды не қонымсыз екендігін бір сәт арожданына салып, терең ойланып көрді. Әйтсе де, қырсықтықпен айтқандарынан қайтпай:

– Сен пұттардың сөйлей алмайтынын жақсы білесің! – деді.

«Олай болса, сендер Алланы қойып, өздеріңе еш пайда да, зиян да келтіре алмайтын нәрсеге табынасыңдар ма? Алланы қойып, табынғандарыңа да жол болсын! Әлі де түсінбейсіңдер ме?», – деді» («Әнбия» сүресі, 66-67-аяттар).

Пұтшыл халық ақиқатты ішкі жан дүниелері түсініп тұрса да, қырсықтықтың жетегімен жүріп, хазіреті Ибраһимді (а.с.) отқа лақтырып өртеуге шешім қабылдайды. Бірақ Жаратқан сол отты жас Ибраһим (а.с.) құлына гүлстанға айналдырып жіберді.

Алла Тағала хазіреті Ибраһимге (а.с.) шексіз разы болып, оған:

«Сөзіне берік ер Ибраһим (а.с.)!» деп мақтау айтқан. Тағы да Жаратушы Ие оны:

«Раббысы оған: «Басыңды и!», деген кезде ол дереу «әлемдердің Раббысына бас идім», – деді» аятымен Аллаға  бас  июдің  үлгісі  ретінде  адамзатқа  таныстырады.

Расулаллаға ﷺ бір адам келіп: «Ей, жаратылғандардың ең қайырлысы!», – деп мақтау айтты.

Пайғамбарымыз ﷺ дереу сөзін бөліп:

«Мынау айтқаның Ибраһимның (а.с.) сипаты ғой!», – деді (Мүсілім, фәдаил, 150).

Ибраһим (а.с.) жас жігіт болғанымен, өте ақылды әрі шешен сөйлейтін. Хақ Тағала оның Нәмрудтай залым патшаның парасаттылықпен көсем тілімен жеңуін былай баян етеді:

«Алла өзіне патшалық бергені үшін (құтырып,) Раббы туралы Ибраһиммен (а.с.) айтысқан адамды (Нәмрутты) көрмедің бе? (Сол кезде) Ибраһим (а.с.) оған: «Менің Раббым әрі тірілтеді, әрі өлтіреді» – дегенде, Ол: «Мен де тірілтіп, өлтіре аламын», – деді. Ибраһим (а.с.): «Алла расында, күнді шығыстан шығарады, ал сен оны батыстан шығарып көрші!» – дегенде, әлгі кәпір аузын аша алмай қалған еді. Алла залым қауымды тура жолға салмайды» («Бақара» сүресі, 258-аят).

Ибраһим (а.с.) ерекше жаратылған еді. Бала күнінен ол таухидті іздеп, ақиқатты табу үшін тәфәккурге беріліп, пікір әлеміне терең ой жүгіртетін. Сосын іздеп тапқан сол иман ақиқатының жолында көп нәрсесін  пида етіп, парасатты ақылымен де, білігімен де Алла жолында күрес жүргізген адам болды. Осылай ол жастарға ақыл, пікір, батылдық және сенім жолында күресу кезінде жігерін, күшқайраттарын қалай қолдану керектігіне көркем мысал болып қалды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған