Бас мүфти Бақытжан Құралбайұлына алғыс хат табыс етті.

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратында өткен Төралқа мәжілісінде Батыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Бақытжан қажы Құралбайұлы жыл бойына өңірімізде атқарылған іс-шаралардың есебін берді.

Облыс бас имамдарының есебінен кейін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оларды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай алғыс хатпен марапаттады.

«Сіздің асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне, тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерейлі белесінде жеткен әрбір жетістігіне қосқан үлесіңіз мол. Рухани құндылықтарымызды насихаттау жолындағы белсенді қызметіңіз бен ыждаһатты еңбегіңіз үшін Сізге айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, ізгі ісіңізге береке тілеймін!

Алла Тағала дін саласында ықыласпен атқарған әрбір ісіңізге мол сауаптан жазғай. Жаратушы Жаббар Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, халқымызға бірлік пен береке нәсіп еткей. Әмин!» делінген Бас мүфтидің алғыс хатында.

Төралқа мәжілісінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бір жыл бойы жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткен барша дін қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған