Бас имам оқушылармен кездесу

Бәйтерек ауданына арнайы келген  ҚМДБ-ның  БҚО бойынша бас имамы Бақытжан  Құралбайұлы  аудан орталығындағы  Камен мектебінің оқушыларымен кездесті.

Тағылымды әңгіме өрбіген кездесуді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен Жұбан молда мешіті ұйымдастырды. Өскелең ұрпақты имандылыққа баулу,  жасөспірімдерге дін туралы жан-жақты түсінік беру, оларды түрлі жат ағымдардан сақтандыру мақсатында оздырылған келелі кездесуге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық теологі Ерген Құмаров, Жұбан молда мешітінің бас имамы Бейімбет Дүйсенәлі және ресурстық орталық әдіскері Ұлданай Сейітқалиева қатысты.

     Оқушылармен емен-жарқын жүздесу барысында өңірдің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы жастарды Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасымен таныстырып, ислам дінінің асыл құндылықтары, білім алудың пайдасы жайында егжей-тегжейлі баяндады. Нақтырақ айтсақ, ислам дініндегі парыз, сүннет, уәжіп, мұстахаб секілді амалдарды жете түсіндіріп, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа шақырды.

Кездесу барысында дін қызметкері ата-анаға қарсы шығу, темекі шегу, нашақұмарлық секілді жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.

– Алла Тағала білімдеріңізді арттырсын! Білім алу, ілімді артыру ислам дінінде ең ізгі амалдардың қатарына жатады. Көпшілік білім жолындағы адамдардан жақсы дұға тілейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Қытайдан болса да білім алыңдар» деген хадисі біздерге ой салу қажет. Сондай-ақ ата-ананы құрметтеу, ұстаздарды сыйлау, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету, туған-туыс, жақындарға жәрдемші болу секілді ізгі амалдар жасауға асығыңыздар, – деді облыстың бас имамы.

Кейін оқушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Жүйелі сөзбен терең толғана жеткізілген мәліметтер оқушылардың діни сауатын ашуға ықпал еткені анық.

Шара соңында аудан жастары атынан сөз алған Ұлданай Сейітқалиева ислам діні жайында мазмұнды әңгіме айтып, оқушылардың ой-түсінігін кеңейткен дін қызметкеріне  ризашылығын білдірді.

Болашақта ауданның бас имамы барлық ауылдық округтердегі орта мектептердің жоғары сынып оқушыларымен осындай кездесулер өткізіп, жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Бәйтерек  аудандық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған