Балалар қуанған күн

“Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры” демекші, баланы жас шыбық сияқты қалай исең солай өседі. Қисайып бара жатқан шыбықты қайта түзете отырып, кескін-келбеті келіскен, білімді де, иманды ұрпақты тәрбиелеу қажет.

Осыған орай Айттың бірінші күні «Тәжиден Батырұлы» мешітінің ұйымдастыруымен жасөспірім балаларға айттық көңіл күй сыйлау мақсатында  “Екі жұлдыз” мейрамханасында дастархан жайылды.

Салтанатты шараға аз қамтылған отбасылардың және мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.

Кездесуде сөз алған “Тәжиден Батырұлы” мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатов: “Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағдайын сұрап бару – үлкен сауап iс. Алла Тағала қасиеттi Құранда: “Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыстығы бар көршi), бөгде көршiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар”, – деп ізгі амал жасауға шақырды.

Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді» деп, балаларды айтпен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.

Шара барысында анимациялық киімдер киген актерлер концерттік бағдарлама ұсынып, балаларды қызыққа бөлеп, қуанышты көңіл-күй сыйлады.

«Тәжиден Батырұлы» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған