Балақ мәселесі әлі қозғалып жүр!!!

Бізді жоқтан бар еткен, шексіз нығметтер береген Алла Тағалаға сансыз мақтаулар, мадақтаулар, шүкірлер болғай. Және Пайғамбарымызға (с.а.у.) сәлеммен, салауаттар жолдай отырып мақаламды бастаймын.

Жастар арасында діни мәселелер өте көп. Кейбірі бұрыннан бар болса, кейбірі енді пайда болып жатыр. Көпшілігін діни білімі аздап бар, Ислам ілімдерінен оқыған адам байыбына барып түсініп жатады. Кейбір қырсыққан күйде, өзіндікі ғана дұрыс деп қисайып жүргендер де бар. Негізінен қоғамда қозғалып жүрген мәселелерге бұрыннан, қайсы дұрыс, қайсысы дұрыс емес немесе екеуі де дұрыс, алайда дұрысырағы осы деген сияқты түсіндірмелер ғалымдар тарапынан беріліп қойған.

Қазіргі таңда өзге мемлекеттердегі мұсылмандар тікұшақта намаз қалай оқылады? Құранды онлайн үйренуге бола ма? деген мәселелер қаралып жатса, біздің жақта әлі балақ пен құлақ мәселесінде жүр. Дәл сондай тартысуға тұрмайтын, сенім жүйесіне еш кедергі бермейтін, кішігірім тақырыптар өте көп.

Сол мәселелерде тартысып жүргендердің көпшілігі 5-6 жылдан бері немесе одан көп жыл намаз оқиды, бірақ Құранды әлі арабшасынан оқи алмайды. Бұл деген үлкен әбістік. Қасиетті Құранымызды оқи алмаса да, тартысу жағынана алдына жан салмайды. Рухани құндылықтары жоғалса да, сыртқы келбетке көп қарайды. Соған қарап баға береді. Расыменде Пайғамбарымыздан жеткен Құдси хадисте: «Алла Тағала сендердің келбеттерің мен дене-пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа қарайды», – делінген емес пе?!

Тақырыпқа оралатын болсақ. Қазіргі таңда балақ мәселесі әлі қозғалып жүр. Ол тартысты тоқтату үшін көп мақалалар жазылып кеткен. Бұл мақалада ең негізгі дәлелдерді келтіріп, осы тақырыпты айтқым келіп отыр. Ондай адамдар болса, білім алуға, ұстаздың алдына отыру, арабша хат тануға шақырғым келді. Онсыз да дін бұзарлар көп. Біздер солардың қол шоқпарлары болып, болмашы мәселелерде тартысып жүрмейік.

Шынымен де,ескі кітаптарды ашып қарайтын болсақ балақ туралы хадистер баршылық. Тіпті әйгілі имам Бухари мен имам Муслимнің хадис жинақтарында да келген.  Мәселен, Имам Маликтің «Муатта» кітабының «киімдер» бөлімінде Абдолла ибн Омардан (Алла одан разы болсын) жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: “Киімін тәкаппарлықпен сүйреткенге Алла Тағала қиямет күні қарамайды“, басқа бір хадисте: “Кімде-кім менменшілдіктен изарының етегін сүйрететін болса Алла Тағала оған қиямет күні қарамайды». Басқа сахих хадисте: “Изардың тобықтан төмен түскені тозақта” деп келген. Осы хадистерді сөзбе-сөз түсінген кейбір жастар «егер балағымыз тобықтан түссе тозақы екенбіз деп, балақтарын балтырдан кесіп хадиске амал жасадық деп ойлап жүр. Ал кейбір Ислам қағидаларын үйреніп жүрген азамат, Алла Тағала балағыма қарап тозаққа сала ма? деп ойлап, қорқуы мүмкін. Ислам дініндегі Хадис ілімінде бір хадисті екінші бір хадис толықтырып, мағынасы айқындайтын қағида бар. Осыған орай, балақ туралы келеген мына хадисті көрейік: Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)», – деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем, төмен түсіп тұрады», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой», – деп жауап берді.

Бұл хадистен түсінетініміз Пайғамбарымыз (с.а.у.) киімнің ұзындығына емес, оның тәкаппарлану ниетімен киілгені үшін тыйым салған. Енді тарих бетін ақтарып көретін болсақ, Пайғамбарымыздың заманында ұзын киген адамдар бай, ауқатты, беделді болған екен. Ондай адамдардың тәкапарлығы соншалық,  киімдерін сүйретіп, киім көптігін көрсетіп жүрген. Тіпті алыстан киімінің ұзындығына қарап байлығының қаншалықты екенін ажыратады екен. Сондықтан  кейбір хадистерде «изардың тобықтан түскені тозақта» деген мәтінде тәкаппарлану сөзі бірге келмесе де, сол уақыттағы көпшілікке бұл мәселе түсінікті болған. Яғни, сол заманда ұзын кигендер көбінесе  тәкаппарлану үшін солай істейтін. Ал қазір біздің қоғамда балағын керсінше сүйретіп киіп жүрсе, не мынау қысқартуға ақшаң таппадың ба,- деп ұрсуда мүмкін. Керісінше ақшаның жоқтығын көрсететін кездері болады. Әбу Һурайрадан риуаят етілген мына бір хадисті мұқият оқиықшы: «Тәкаппарланып изарын (дененің белден төменгі жағына киілетін шалбар секілді киім) сүйреткен кісіге Алла Тағала қиямет күні (рақымдылықпен) қарамайды» деп жалпы ұзын киюді емес, тек тәкаппарлану мақсатында ұзын етіп киюдің күнә екенін нақты түсіндірген.

Расымен де, такапарлану – дінімізде кісіні тозаққа лайық ететін қатерлі рухани ауру. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір адам: Әркім өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды (бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу», – деп жауап берген. Ал, бұл хадис жоғарыда айтылған хадистердің мәнін өз орнына қойғандай болды. Демек бірнеше хадисті оқып барып, балақ туралы айтылған хадистің түпкі мағынасын түсіндік.

Енді Балақ, хиджаб, изар, қамис т.б. киім түрлері туралы не айтылған. Жалпы киім кию әдебін имам Бухаридің хадистер жинағында былай деп келеген, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!». Ибн Мәсғуд бұл хадиске: «Қалағаныңды ішіп-же, қалағаныңды ки. Тек екі нәрсе жаңылтпасын: ол мыналар – ысырап және паңданып тәкаппаралану» деп түсіндірме берген. Демек, киім киюдегі негізгі тыйылған нәрсе – тәкаппарлық пен ысырап. Осы екі нәрсе қадағаланғаннан кейін қалаған киімді киюуге дініміз рұқсат етеді. Тек шариғат белгілеген әурет жерлердің жабылуы шарт.

Қорыта келе айтпағымыз, мұндай ұсақ мәселелерде бүлік іздегеннен гөрі, аят пен хадистер мен ғұламаларға негізделіп бір ауыздан келісілген фәтуаларға жүгінген дұрыс. Оның ең негізгісі fatua.kz сайты. Кез-келген діни мәселелерді осы жерден жауабын дұрыс әрі нақты аласыз.

Убаев Наурыз Ибатұлы,

Орал облыстық орталық мешітінің найб имамы және теолог

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған