Ауырмайтын жол ізде

Алдымен әр ауруға шипа берген Алла Тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтаулар айта отырып әр сүннетінде хикметке толы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен оның ұрпағына, сахабаларына сәлемдер жолдаймын. 

Екі жылдан беру корантиндік шектеулерге байланысты ережелермен өмір сүріп келеміз. Сол ережелердің бірі вирусқа қарсы екпе салдыру. Мемлекетіміз екпе салуға міндеттемегенімен, екпе салудың абзал екенін айтуда. Ал қоғамдағы адамдардың бірі салдырса, бірі салдырмай қарсы шығуда.  Бұл тұрғыдан Ислам діні не дейді. Соған бір көз жүгіртіп көрейік.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала өз пенделеріне: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұраңдар» («Нәһл» сүресі, 43-аят),- деп әмір етеді. Сондықтан әр ғылымның мәселесінде ғылым иесі сөйлесін деп медицина саласының ғалымдарын тыңдап, ортақ шешімге келіп, дінімізде екпе дәрі ретінде қаралып, салдыру құпталған.

Қасиетті Құранда әрі пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық рұқсат не тыйым салынбағандықтан шариғатта тікелей болады я тыйым салынған деген дәлел жоқ. Себебі вакцинаның тарихы XVIII ғасырдан бастау алады. Алайда, вакцинаның негізгі мақсаты аурумен алдын-ала күресу болғандықтан, ауырмай тұрып қандай да бір ем іздеу міндеттілігі туралы дәлелдер табуға болады.

Құран мен пайғамбар сүннетінде – аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Алдымен Құран Кәрімде Ибрахим (ғ.с.) мүшриктерге Алланы былайша сипаттағанын аңғарамыз: «Егер мен ауырсам, (Алла) мені аурудан айықтырады…» (Құран 26:80)

Ал имам әл Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», бұл хадисті де Әбу Һурайра жеткізіпті бізге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердің барлығында, «Ауру бар болса, сол аурудың емі де бар» деген сөздер айтылған. Сондықтан да, адам өз ауруына ем іздеп, медицина іліміне жүгіну айдан анық.

«Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Хурайра жеткізді). Егер, осы хадисті жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырын орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадис Усама ибн Зайд жеткізеді; «Қандай да бір жерде жұқпалы ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кетпеңдер». Бұл хадисте «аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кетпесін!» деген ескертулер жатыр.

«Кім аджуа дейтін құрманы таңғы асқа жетеуін жесе, оны сол күні у алмайды әрі сиқырлық оған өтпейді.» Бұл хадис – «дәрі» арқылы аурудың алдын алуға шақырып тұр.

Аурудың алдын алу Жаратушының белгілеп қойған тағдырына қарсы шығу деп жүргендер де бар. «Олардың айтатын уәждері егер Алла Тағала тағдырына жазып қойса, ештеңе оған қарсы шыға алмайды» дейді. Келтіретін дәлелдері Құранның аяттарынан. Мәселен: «Еш күмәнсіз біз барлық нәрсені арнайы есеппен жараттық» (Қамар сүресі,49),«…Барлық нәрсені жаратып, әрқайсысына белгілі бір өлшем берді» (Фурқан,2 ).

Расымен де тағдырдың бәрі Алланың қалауынсыз болмайтынына  иман келтіреміз. Ал мына бір Имам Муслимнен жеткен хадистен медицинаның ойлап тапқан дәрісі туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйкес келсе, жаратушының әмірімен ол кісі айығады». Осыны алға тарта отырып имам Муслим «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аурудан емделуге дәріні қолдануға рұқсат бергеніне көзіміз жетеді» деді. Демек, ем де Алланың қалауы емес пе?!

Алла берді екі жол

Бірі оңда, бірі сол.

Ойланыңдар, бауырлар!

Дүние қысқа, ақырет мол», деп Ақын Майлықожа тағдыр турасында ерік пен қалаудың бар екенін де алға тартады. Онсыз да Алла Тағала Алла Құран Кәрімде: «Оған (адамға) жақсылық және жамандық жолдарын көрсетпедік пе?» «Кім жақсылық істесе пайдасы өзіне, ал, кім жаманшылық істесе оның зияны да өзіне. Раббың құлдарына ешқашан зұлымдық жасамайды»,–деп жақсы, жаманды таңдаудағы адамға берілген ерікті білдіреді. Ол жақсы мен жаман тек Алла мен құлының арасындағы мәселе емес, пенденің өзіне, жан ұясына келіп-кетер жақсы мен жамандылықты талдап, таңдай білу керек.

Үшінші мәселе, екпеге қарсылар, екпеден зиян шеккендер туралы статистиканы келтіріп, айыптарын айтқысы келеді. Пәленше жерде біреу екпеден өліп қалыпты немесе біреу талып қалыпты деген деректерді айтады. Расымен де зиян шеккендер бар. Оның барлығы өкінішті әрі бірден екпеден бас тартуды қолдайтын жағдай. Алайда ол дәрігердің қателігінен болған іс. Егілетін адамды екпеге жарамдылағын дұрыс қадағаламағандықтан нәтижесі осындайға алып барған. Біз дұрыстап зерттеп қарасақ, керісінше көптеген мемлекеттердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Халыққа екпе жасауға бірнеше жыл кедергі жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бір аумақтарға таралып кетеді. Жаппай иммунизация жасау, кедей, тұрғылықты жері онша жақсы емес аумақтар үшін де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Екпенің пайдасы бір сөзбен айтқанда ұшан теңіз.

Демек Ислам шариғаты адамзатқа екпе салуға түбегейлі қарсы емес. Алай да, екпе салдырудан алдын, шарттарымен танысып барып әрекет ету керек.

Алла Тағала бізді барша жаман ауру мен бәлелелерден сақтасын. Еліміз аман, аспанымыз ашық, бейбіт өмірде күн кешейік.

Наурыз Ибатұлы,

Орал орталық мешітінің наиб имамы                   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған