Ата-ананы қадірлеу

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.):

«Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Алла тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді?» – деп сұрадым. Ол: «Уақытылы оқыған намазды» – деді. Мен тағы: «Одан кейін ше?» – деп сұрағанымда: «Ата-ананы құрметтеуді», – деді…

Әке мен ананың септігімен бізге Жаратқан осы жарық дүниені сыйлады. Аманаттап берген Алланың сыйы – ұрпағына, балаларына шексіз мейірімін төгіп, мәпелеп өсіретін, бар ғұмырын балаларына арнайтын ата-ананың «Ұрпағым аман болса екен» деген жалғыз ақ тілегі болады. Көз қуанышына айналған балаларының қуанышына қуанып, қайғысына мұңайып, бауыр етім ғой деп, жаза басса да қатесін кешетін, риясыз сүйіспеншілікпен бар болмысымен қабылдайтын ең қымбат та аяулы жандар – осы ана мен әке. Іңгәләп дүниеге келген сәби үшін осы бір екі жанның орны бөлек. Ата-анаға деген сый құрметі мен сезімі айрықша боп өскен ұл-қыздар күндердің бір күнінде ауыр сөзімен немесе қылығымен көңілін жабырқатып алатын сәттері болатыны да жасырын емес.  Дана халқымыз үлкенді сыйлауға аса мән беріп, ғасырлар бойы ұрпақтар сабақтастығында іс жүзінде беріліп келе жатырған тәлім-тәрбие. Ата-ананың разылығы – бұл Жаратқанның разылығы деп білген ата-бабаларымыз, қашанда үлкендерін қастерлеп, қабағынан танып, жылы шырай танытып, батасын алуға тырысып тұрды.

Бүгінде заманы басқаның адамы басқа деп, жаңа дәуірге аяқ басқан жастарымыздың арасында бұл көзқарасты аяқ асты етіп жүргендер де аз емес ау. Тек жастардан көретін ештеңесі жоқ, жастарға берері жоқ орта буын да, айтары жоқ аға буын да қалыптасып қалғаны жалған емес. Қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиенің қазір өткен заманның нышаны деп, бұл тәлім-тәрбиенің мәніне жетпей жатқандарымыз да бар. Ата-ана тарапынан салынған тыйымдарды қасақана жасалған нәрселер деп топшылайтын, ата-анасын түсіне алмайтын бала, балаларын түсіне алмайтын ата-ана көбейген күн туды. Материалдық құндылықтарға толы, қызылды-жасылды боп әдемі көрінетін замануи тұрмыс пен асығыс өмір екі буынның арасын алшақтатып, араға қабырға тұрғызып жатырғандай. Ата-анасын жоғалтқан соң ғана, қадірін түсініп, қапы қап жатқандар қаншама?

Өзіңнен туған ұл мен қыз

Сыйламаса сол қайғы, – деп Төле би айтқанындай, бүгінде қайғысы көп ата-ананың көбейіп бара жатырғаны мұң.

Ата-анасының көңілін қалдырып, не олардың ислам дініне қайшы келмейтін істері мен айтқандарын орындағысы келмеген баланың жолының болуы қиын.  Ата-ананың көңілін қалдыру – перзенттің қарғысқа ұшырауымен пара-пар. Иманға келген әр пенде намазын мен әдебін, мінез-құлқын түзетумен қатар, бастысы осы Жәннәтқа апарар жолы, жұмақтың кілті өзінің ата-анасының разылығы екенін түсіне бастайды. Өйткені Жаратушымыз ата-ананың орнын қасиетті Құран кәрімде айрықшалап атап, жақсылық жасауды ғана бұйырады.

«Раббың Өзіңнен басқа ешкімге құлшылық етпеуді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды. Екеуінің біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, оларға тіпті: «Ту, тегі» деп те айтпа, әрі зекіп ұрсушы болма. Керісінше, олармен сыпайы сөйлес. Сондай-ақ, екеуіне мейірімге толы кішіпейілділік танытып: «Уа, Раббым! Олардың мені кішкентайымнан алақандарына салып, мәпелеп тәрбиелегеніндей, Сен де оларға рақым-шапағатыңды төккейсің», -деп екеуінің тілеуін тілегін» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-анамыз да уақыт оза келе қартайып, қауқарсыз күйге түскенде біз де оларға қорған біле білейік. Сол ең қымбат адамдарымыздың нәпақасын тауып, қамқорлық жасауымыз Алла жолында  жүргендігіміздің белгісі болмақ, бар күнәмізді жойып, жұмақтың кілтіне қол жеткізудің ең оңай жолы да – ата-анамызды қадірлеу екенін естен шығармайық.

Қажымұқан Ғилманов, Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы  Орал қалалық мешітінің бас имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған