Қасиетті мейрам тойланды

Ауданымызда биылғы Құрбан айт ізгі амалдардың мол болуымен ерекшеленді. Аудан орталығында ұлық мерекеден қалыс қалмай, қайырлы істер жасауға асыққан мекемелер, шаруа қожалықтары ұжымдары, жекелеген отбасылардың атынан «БатысМарқаЛамб» ЖШС  кешені ауласында 1 ірі қара, 40-қа тарта қой сойылып, жалғызілікті қарияларға, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған 100-дей отбасына таратылды.

Құрбан айт құрметіне Бәйгетөбе аумағында ұлттық спорт түрлерінен тартысты ойындар ұйымдастырылды. Жарысқа Ақжол, Бударин, Қабыршақты, Қарауылтөбе, Тайпақ округтары, мекеме қызметкерлері, тұрғындар қатысты. Барша ауылдастарды ұлық мерекемен құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Тілек Ғабдушев ата-баба дәстүрін сақтай отырып, болашақ ұрпақтың дәстүрлі емес діни ағымдар жетегінде кетіп қалмауы үшін, оларды жас ұрпаққа ұғындырудың маңызын атап көрсетті. «Ислам – бірлікке, келісімге  және қайырымдылыққа шақыратын ең бейбіт діндердің бірі. Қасиетті мереке бәріңізге қуаныш, денсаулық және игілік әкелсін», – деді ол.

Жиналғандар «Құлагер» ат спорты кешенінің жаттықтырушыларының жамбы атудан үлгілі көрсетілімін асқан ықыласпен тамашалап, артынша ниет білдіргендер осы  спорт түрінен бақтарын сынап көрді. Жарыс нәтижесінде қазақ күресінен қарауылтөбелік Нұрдәулет Уахитов пен Еркебұлан Беляков жеңіс тұғырына көтерілсе, қой көтеруден Бударин ауылынан келген Рустам Күнтуғановқа жетер әлді болмады. Асық атудан Ернар Қожахметов (Ақжол), теңге ілуден Қайнар Құсмағұлов жеңіске жетті. Аударыспақта өз салмақ дәрежесінде Мирас Дәрібай, Ернар Ермеков, Бердеш Омарбек, Бақтияр Ерболат өз мықтылықтарын дәлелдеді

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық мешіт атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Ақжайық аудандық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған