Алушы қолдан беруші қол артық немесе еңбек ету туралы бірер сөз

Алла тағала шексіз мақтаулар мен мадақтаулар болғай және Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар мен сәлемдер жолдай отырып мақаламды бастайын.

«Еңбегін өнімді болса, көңілің сенімді болар» деген мақал естіп, адамның болашаққа деген бағдарына, жоспарына, мақсатына жету үшін еңбек ету міндет екенін түсінесің. Расымен де еңбек еткен адам озса, еріншек адам ұтылған болып есептеледі. Онсызда қазіргі экономикалық дағдарыс заманында осы заңдылық анық көрініс табуда. Ислам дінінде еріншектікке, жатып ішерге, арам тамақтыққа жол жоқ. Тіпті бұның бәрі күнә болып есептеледі.Керісінше өз қолыңмен тапқан напақаң балдан да тәтті, алтыннан да қымбат болып есептеледі. Сол үшін де біліп жүру керек, Ислам діні ғибадат пен әрекет етіп, еңбектенуден тұрады. Бірде бір үлкен ақсақалдың жанында жүргенімде «шаршадым, бір демалып алайық» деп едім, «қабірге барғасын демаласың балам» деп ұрысқаны есімде. Ойлап қарасам дінімізді демалыс жоқ екен ғой. Жұма күндерінің өзінде де ер адам Жұма намазын оқу үшін мешітке барып ғибадатын жасау міндет. Жылына екі мәрте келетін айт мейрамдары Айт намазын оқып, жеті үйді аралап, ренжігендерді кешіріп, тума-туыстармен қарым-қатынасты жақсартып, жағдайларын сұрап өткізу де Исламда әдептер қатарына жатады екен.

Ал айналаға қарайтын болсақ, күн, ай, жұлдыз тағы басқа жаратылыстар әрқашан қозағалыс үстінде. Егер осы алып жаратылыстардың біреуі бір сәт тоқтап қалса, не болатынын айтпаса да түсінікті. Әлем жүйесі бұзылып, быт-шыт болады. Демек «әрекетте берекет бар» деген бір ауыз сөздің мағынасында терең сыр бар екен.

Ең алдмен адамдардың ардақтылары пайғамбарлардың өміріне бір көз салып көрейікші. Адам (Ғ.С.) шаруа болды, жер жыртып дән екті. Ыдырыс (Ғ.С.) тігінші болған. Нұх (Ғ.С.) ағаш ұстасы болып, кеме жасаған. Ибраһим (Ғ.С.) тоқымашы болса, Дәуіт (Ғ.С.) темір ұстасы болған. Шуғайыб (Ғ.С.) етікші болса, Закария (Ғ.С.) мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) саудагер болып, өз жерлестер арасында сол ісімен танымал болған. Сонымен қоса, Алла Елшісі бірде сахабаларына: «Алланың жіберген пайғамбарлары қой бағумен айналысты»,- дегенде, сахабалар: «Я, Расул Алла, сіз де қой бақтыңыз ба?», – деп сұраған екен. Сонда Алла Елшісі: «Ия», –  деп жауап берген.

Сахабаларға келетін болсақ әрбірі бір еңбекпен шұғылданған екен. Одан кейінгі ғалымдарда өз еңбектерімен табыс тауып, әрі ілім алып, бізге том-том кітаптар жазып, тастап кеткен. Мәселен Әбу Ханифа мата саудасымен айналысқан. Кейін осы ғалымдарымыз «еңбек ету ол нәпіл ғибадаттан артығырақ» деген болатын.

Бірде Иса (Ғ.С.) пайғамбар бір адамнан сұрапты: «Қандай іспен шұғылданып жүрсің», – деп. Сонда әлгі адам: «Ғибадаттан етуден басқа ісім жоқ»-деп жауап қатқан. Сонда Иса(Ғ.С.): «ал напақаңды кім тауып береді?» – деп сұраса, «Пәленше деген досым бар, сол тауып береді»-деген. Иса(Ғ.С.) ойланып тұрып: «Сенің досың саған қарақанда ғибадатшыл екен!!!», – деген екен.

Біліңіз Ислам дінінде еріншектікке, жалқаулыққа жол жоқ. Бірде Омар (р.а): Сендердің еш бірің көшеге шығып «Я Аллахым маған ризық бер» деп әрлі-берлі теңселіп жүрмесін. Біліп қойыңдар алтын мен күміс ешқашан аспаннан жаумайды», – деген екен. Тіпті Құран Кәрімдегі Жұма сүресінде мына аят соның айғағы: «Намаз оқылып болған соң, жан-жаққа тарап Алланың мол рақымынан (кәсіптерің арқылы) өз ризық-несібелеріңді іздеңдер(Жұма сүресі, 10-аят).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) : «Расында, қайсыбіріңнің болмасын бір құшақ отын шауып, оны өзі арқалап, сатып күн көруі, беруі де, бермеуі де мүмкін әлдебіреуден қол жайып қайыр-садақа тілегеннен әлдеқайда қайырлы», – деп ескерткен. (Имам Бухари, Зәкәт, 53)

Тағы бір хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Ешкім де табан ақы, маңдай термен тапқан тағамынан қайырлы ас ішкен емес. Шынын да Алланың пайғамбары Дәуіт те ризығын өз еңбегімен табатын».(Имам Бухари, Буйуғ, 15)

Расында, Дәуіт (Ғ.С.) пайғамбар патша бола тұра, ел қазынансынан ешқандай қаражат алмай, өзі темір ұстасы болып қызмет етіп, тоғыз баласын асыраған екен.

Ислам дінінде мұсылман адамның еш нәрсе істемей отырудан қайтарған. Және жұмыс істеуге күші жете тұра, қол жайып, тіленшілік жасап, адамдардан жәрдем сұраған пендені «өз-өзіне зұлымдық жасаған» деп есептеген. Сол үшінде Алла Елшісі(с.ғ.с.): «Алған қолдан берген қол қайырлы», – деген болса, Омар (р.а.) халифалық кезінде: «Күші жете тұра жұмыс істемейтіндер менің көзіме көрінбесін», – деген екен. Қазақ халқында ондай адамдарды «алаяқ» деп атайды. Бұлар біреудің ақысын жеп күн көретін адамдар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) заманында да ондай алаяқтар кездескен. Жалпы алаяқтық мұсылман адамның сипаты емес. Алла Елшісі (с.ғ.с.) қатаң түрде: «Алаяқтар бізден емес», – деп ондай арам кәсіптен қайтарған. (Имам Муслим)

Ислам дініндегі бес парыздың бірі зекет беру. Бұл парызды орындап, Алла тағаланың разылығына жеткісі келеген адам еңбектеніп, адал табыс тауып, қайрымдылық жасау шарт. Демек мұсылман адам осы парыз амалды орындау үшін бар күш жігерін жұмсап еңбектену керек екенін көруге болады. Онсызда,екі адамға қызыға қарауға болады. Бірі, ілім алып, біреуге үйреткен адамға, екіншісі, еңбек етіп, байып, садақасын береген адамға.

Я Алла бізге тура жолды, тақуалықты, күнә мен жаман қылықтарданаулақ болуды және байлықты нәсіп еткей. (Әмин)

 Наурыз Убаев,  облыстық  орталық мешітінің наиб имамы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған