Айт пен жұма күндері бір күнге сәйкес келсе, жұма намазын оқымаса да бола ма?

Биылғы ораза айт намазы маусымның 15-не, яғни жұма күніне сәйкес келіп тұр. Осы күні таңертең айт намазы, түсте жұма намазы оқылады. Ханафи, малики және шафиғи мазхаптарында айт пен жұма күндері бір күнге сәйкес келсе, айт намазы мен жұма намазы – екеуі де сол күнде оқылады. Имам Мухаммед  өзінің «әл-Жамиғ ас-сағир» кітабында: «Егер екі айт бір күнде келсе (біріншісі – сүннет[1], екіншісі – парыз), бірі деп басқасы қалдырылмайды[2]»,-делінген. Екі айт деп мұнда айт пен жұма намаздары көзделген. Мәлики мазһабының әл-Қарафи атты ғалымы: «Жұма намазы күннің ыстық немесе суық болуымен, сондай-ақ айт намазының оқылуымен қалдырылмайды»[3],-деген.   Имам Шафиғи: «Ораза айт жұма күніне сәйкес келсе, имам жиналған жамағатпен айт намазын оқиды. Айт намазын оқып болған соң, имам қаласа, шалғайдағы ауылдардан келген адамдарға жолға шығуға және жұма намазына қайтып оралмауға рұқсат береді. Егер қаласа, олар жұма намазын оқуға қалады, қаласа ауылдарына қайтады. Алайда қала тұрғындары үшін аталмыш үкім жүрмейді. Үзірі табылған жағдайда ғана, жұма намазына бармауға рұқсат етіледі[4]»,-деген.  ТҮЙІН Айт пен жұма күндері бір күнге сәйкес келгенде, айт намазын оқыған адам сол күннің жұма намазын да оқиды. Өйткені жұма намазын оқу әрбір балиғатқа толған, ақылы дұрыс мұсылман ер адамға – парыз.

[1] Мұндағы «сүннет» деп айтылуы оның үкімі сүннетпен бекітілгендігін көрсетеді. Алайда ханафи мазһабында айт намазын оқу – уәжіп.

[2] «Әл-Һидая», 1/84.

[3] «Аз-Захира», 2/355.

[4] «Әл-умм», 1/274.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған