Айлардың төресі- Рамазан!

Рамазан тұтастай ғибадатпен  өткізілетін уақыт. Материалдық, әрі рухани тұрғыдан жылдың ең берекетті күндері.

Әрбір мұсылман намазы, оразасы, жақсылықтары, қызметтері мен дұғасы арқылы осы рақымдылық пен берекеден нәсібін алуға тырысуы керек. Біліп және білмей істеген күнәлары үшін Алладан кешірім тілеуі қажет. Жаратушысына жалбарынуы керек. Хақ-Тағала құлының шынайы дұғасы мен тілегін қайтарусыз қалдырмайды, күнәларын кешіріп, рақымшылығына бөлейді.

Рамазан қандай ай? Рамазан-Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Рамазан-айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісіде киелісі. Рамазан-ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрәк ай.

Рамазан-Хақ-Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айырықша ай. Рамазан –пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани барынша кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «Періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті.

Рамазан –он бір ай кір шалып, тот  басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай-Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы іспепті.

Рамазан-атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы. Рамазан-қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у. ) «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі  бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді.

Рамазан-құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, ұлы Жаратушысына бет бұру заманы.  Рамазан-құлдың Хақ-тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы майданы.

Рамазан-сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекетті айы. Бұл айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Рамазан-Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Ал сабырдың қайтарымы-жұмақ. Рамазан-Жәрдемдесу айы, мұсылмандардың ризығын арттыратын ай.

Рамазан айында кеш сайын оқылатын тарауық намазы-рамазанның түндерін үлкен мәнге ие етіп, нұрландыратын ғибадат. Жүректер мен көңілдер осы рухани атмосферамен тазаланады. Сондай-ақ ауыз ашқан соң, денені бір ауырлық басатыны белгілі. Бұл тек тарауық намазы арқылы ғана кетеді, ас оңай қорытылады. Адам физиологиялық тұрғыданда, рухани тұрғыдан да рахатқа бөленеді.

Рамазан айы мүбәрәк болсын, жамағат. Ал жаратқаннан сабыр жаудырып, тура жол, тақуалық пен кешірім беруін тілейміз. Алла Тағала қасиетті Рамазан айындағы ұстаған оразаларыңызды, берген садақаларыңызды қабыл етсін. Әмин!

Нұрлан Саматұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған