«Адал ас – дініміздің діңгегі» атты семинар өтті

ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен   «Орал»  орталық мешітінде  «Адал ас – дініміздің діңгегі» тақырыбында  семинар өтті.

Семинарға ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нің эксперт-технолог маманы Айжан Омарова, облыстық орталық мешітінің бас имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев,  «Халал Даму» ЖШС-нің БҚО бойынша жауапты өкілі Асхат Асылбеков, ҚМДБ-ның «Әйел-қыздар» секторының БҚО бойынша өкілі, орталық мешітінің ұстазы  Анаргүл Демеутова қатысты.

Алдымен ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Мұратбек қажы Мұхтарханұлы сөз алып, Нұрсұлтан қаласынан келген қонақты таныстырып, сөз тізгінің ұсынды.

Айжан Қалмаханқызы  дәріс оқып,  электронды және бейнебаян мәліметтер, слайд, сызбалар, кестелер арқылы әр өңірдегі «Халал Дамудың» мамандары атқарып жатқан жұмыстар таныстырылып, «халал және харам» тұрғысында жалпы мәліметтер, қазіргі тамақ индустриясындағы қолданылып жатқан тағам дайындау технологиялары, «Е тағамдық қоспалар», облыс  бойынша «ҚМДБ халал» сертификатына ие болған кәсіпорындар, елімізде алдағы уақытта республикалық және халықаралық деңгейде халал индустриясы саласында атқарылатын жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар, халал бойынша жиналған қауым  көкейде жүрген  сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

«Халал Даму» мамандары семинардан кейін Орал  қаласындағы ірі   қоғамдық тамақтану және азық түлік саудасымен шұғылданатын кәсіпкерлермен  жүздесті. Аталмыш тақырыпқа қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге шариғат талаптарына сай халал өнім өндіру, тұтынушыларға «Адал ас» ұсынудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес елімізде халал индустриясын дамыту, отандық және экспорттық сауда көлемін ұлғайту, болашақ ұрпақтың амандығы үшін «халал азық» өндіруде бірлесе жұмыс атқарудың маңыздылығы айтылып, кәсіпкерлерге сертификат алу жолдары түсіндірілді.

Семинар соңында Айжан Омарова мен өкіл имам Мұратбек Қыстаубаев БАҚ өкілдеріне кең көлемде сұхбат берді.

 Нұрлан Саматұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған