Ақжайықта Құрбан айтқа орай баспасөз мәслихаты өтті

ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында Құрбан айт мерекесіне орай баспасөз мәслихатын өткізді.
Баспасөз жиынында бас имам Мұратбек қажы Мұхтарханұлы қасиетті Құрбан айт мерекесінің маңыздылығына тоқтап, шариғат бойынша құрбан шалудың үкімі, құрбандыққа шалынатын малға қойылатын талаптар мен құрбандық шалу рәсімінде сақталуы тиіс шарттарды кеңінен түсіндірді.
Еліміздегі пандемия жағдайына байланысты Құрбан айт мерекесін өткізуге қатысты енгізілген бірқатар өзгерістерге тоқталды. Атап айтар болсақ, биыл Айт намазы оқылмайды және құрбан шалу рәсімі мешіттерде жүзеге асырылмайды. Облыс имамы індеттің таралуының алдын алу мақсатында Ақжайық жұрттың құрбандықты өз үйлерінде шалуға шақырды.
Дінбасымыз Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен өз үйінде құрбан шалуға мүмкіншілігі жоқ қала немесе аудан орталықтарында тұратын адамдар үшін www.qurban2020.kz сайты іске қосылғанын атап өтті. Құрбан шалушы өз атынан құрбан шалу рәсімін өткізуге онлайн тапсырыс берсе, мұқтаж жандар ет алуға онлайн өтініш қалдыра алады. Онлайн тапсырыс берген жандардың құрбан шалу ниетін орындау үшін жергілікті басқарушы билік өкілдерінің келісімімен арнайы орындар дайындалуда. Тапсырыс түскен уақыттан бастап құрбандық шалынуы, құрбан етінің мұқтаж жандардың үйіне дейін жеткізіліп беруі секілді жұмыстарды Өкілдік жанынан құрылған жауапты топ жүзеге асырады. Орал қаласында «Ел ырысы» базарында, «Батыс адал ет» ЖШС-і мен «Орал колбаса» ЖШС-нің жанында малдар сатылып, мал союға рұқсат етілмейді.
Келе жатқан «Құрбан айт» мерекесі құтты болсын! Ел аман, жұртымыз тыныш болсын, бауырларым!


ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған